Тарихта есімі алтын әріптермен жазылған Шыңғыс ханның жорықтары жөнінде сан алуан тарихи мәліметтерге үңілдік. Бір қызығы, осы сұраққа келгенде тобымыздың пікірі екіге жарылды. Бірінші топтың жауабын айтайық. Мысалы, айтар болсақ, оның әлемді дүр сілкіндерген «Отырар апаты» жайында «Түркі әлемінің көшбасшыларының өткені мен бүгіні» атты еңбектен тапқандай болдық. Бұл еңбекте келтірілген деректер бойынша соғыстың басталуына Хорезм шахтың өзі кінәлі екен. Сонымен қатар, «Шыңғыс хан» журналының №14 санындағы М.Мағауиннің пікірі де осыған келеді. Дегенменен, осыншама деректерге қарамастан, басқа да еңбектерді қарау барысында Шыңғыс хан қаніпезер жаулаушы деген тұжырым да тектен етк айтылмағандай көрінеді. Неге? Біріншіден, оның жорықтарының нәтижесінде жер бетіндегі біртұтас мәдениеттің ұйытқысы болып отырған қалалар жойылып кетті. Бірден бір мысал – Отырар қаласы. Тек Баласағұн қаласы ғана арада біраз жылдар өткесін бастапқы қалпына келе алған. Екіншіден, оның жорықтарының кесірінен кейбір халықтардың халық болып қалыптасу үрдісі бірнеше жылға кешікті. Иә, Шыңғыс хан керемет қолбасшы болған, жүргізген соғыс тактикасы қаншалықты ақылды адам болғанын дәлелдейді. Бірақ оның жер бетіне, әлемге тигізген зардабынан соң, оны біз «қаніпезер жаулаушы» – деген пікірге тоқтадық.
Шыңғыс ханның жорықтары туралы көптеген мәліметтерді оқығанда жаның түршігеді. Ол секілді қатігез қолбасшылар тарихқа енді келмесін деп тіледік.
Қағанға әркімнің-ақ бар таласы. Бұл, енді, екінші топтың пікірі. Шыңғысхан жайлы зерттеп, кітап шығарған ғалымдардың еңбектерін оқып, және олардың келтірген дәлелдеріне сүйене отырып қағанды «қаніпезер жаулаушы» – деген еуроцентристік көзқарасты жақтаушы топқа біз, әрине, қарсымыз. Еуроцентристік көзқарас бұрыннан қалыптасып қалған әдеттері бойынша түріктерді, моңғолдарды «жабайы», «бұзық», «мәдениетті қиратушы» деп жазудан жаңылған емес. Шыңғысхан тарихы да сол тұрғыдан жазылып, тарихи шындық мейлінше бұрмаланады. Шыңғысхан жайлы еуроцентристердің көзқарастарынан мәліметтер келтірейік: «Советская историческая энциклопедия» сияқты танымал еңбектерде былай деп жазылған: «Моңғолдардың жаулап алуы Азия және Шығыс Еуропа халқы үшін адам төзгісіз қиындықтар әкелді. Осы жаулап алулар салдарынан кейіннен құрылған Алтын Орда және басқа да мемлекеттерде Шыңғыс хан ұрпақтары көп уақытқа дейін өз биліктерін сақтай отырып, қоластындағы халықтарға мәдени және экономикалық тұрғыдан қысым көрсетіп отырды. Ал бұл жойқын шабуылдар көптеген халықтарға материалдық және рухани жақтан қалуыптасуын жүздеген жылдарға кешеуілдетті».
Осы келтірілген сілтемеде еуроцентристердің Шыңғысханға берген сипаттамасы әлікүнге дейін үстемдік етіп келеді. Осындай теріс пікір қазақ халқының төл тарихынан да орын алған: «Моңғол шапқыншылығы Қазақстан үшін де, жаулап алған басқа елдер үшін де зор апат болды. Жергілікті халықтың қарсылығын басу үшін Шығысхан жаппай террор мен зорлық-зомбылық, тұтас аудандарды ойрандау әдістерін қолданды. Сөйтіп, моңғолдар жаулап алумен қатар, адамдарды жаппай қырып-жойып, өндірістік күштерді қиратты, материалдық және мәдени құндылықтарды жойып жіберді». Бірақ олардың ішінде де Шыңғыс ханды ақиқат шындық негізінде таныған ғалымдар да болды. Дегенмен, олардың саны көп болмағандықтан, бұндай дұрыс пікірлер еуроценстристердің көлеңкесінде қалып қойды.
«Шындық қап түбінде жатпайды» деген халық мақал-мәтелдеріне сәйкес Шыңғыс ханның әлем халықтары тарихындағы үлесі тиісті шындықта жазылуы тиіс. Шыңғыс ханға әділ баға беруші ғалымдардың бірі – доктор Эренжен Хара-Даван. Оның «Чингизхан как полководец и его наследие» (Культурно – исторический очерк Монгольской империи ХII-ХIII веков. - Белград, 1929) атты еңбегін атауға болады. Бұл туынды ертеректе жарық көрсе де, кітап авторының моңғол ұлтынан әрі оның Шыңғысхан өмірі мен ол құрған империяның ұзақ дәуірлегені туралы жазған шындығы Кеңес өкіметіне ұнамады. Сондықтан ол көпшілік оқырманның қолына тиген жоқ. Кеңес өкіметі ыдыраған соң, ол өз төл атауымен орыс тілінде, 1992 жылы Алматыда 100 000 данамен басылып шығарылды. Эренжен Хара-Даван Шыңғыс ханды данышпан қолбасшы, кемеңгер елбасы, көреген саясаткер деп сипаттай келе, оның білгірлігін, халықтардың әдет-ғұрыпын, мәдениетін сақтағанын, сонымен бірге өзі құрған империяның басқару жүйелерін, әскери құрылымы мен саяси қарым-қатынастарын қалай ұйымдастырғанын дәйекті деректермен береді. Шыңғысханға әділ әрі дұрыс баға берген ғалымдар Эренжен Хара-Даванмен ғана шектелмейді. Олардың қатарында француз ғалымы Рене Груссе де бар. Оның «Империя степей: Аттила, Чингисхан, Тамерлан» деп аталатын еңбегі Ұлы даланың үш тарихи тұлғасына арналған. Бұл еңбектің Шыңғысхан империясы тарихына арналған. Орталық Азия этностарын қайта біріктіруде Шыңғысхан ұшан-теңіз қажырлы еңбек етіп, әлемге өз империясын паш етті. Ол үш ғасырдай өмір сүрді. Бұл империяның басым этностары түріктер болғаны да баршаға мәлім. Олардың сол империяны дүниеге әкелуде шешуші қызмет атқарғаны баршаға аян.
Шыңғыс хан әлемге өз атын қалдырды, қоластындағы этностарды инновациялық жағдайда біріктіріп, Ұлы империя құрды, түріктер мен моңғолдарды ұлы күшке айналдырды. Қағанның істеген ұлы істерін ысырып қойып, «қаніпезер жаулаушы» – деу, сірә, адасушылық. Шыңғысхан туралы әлі де талай еңбектер жазылып, әртүрлі талас пікірлер туындар. Біз тек студент ретінде өз көзқарасымызды білдірдік.
Дайындағандар: Бегайым МҰХАММЕДЖАН, Гүлнар АХМЕТОВА,
Арайлым ПОСТАНОВА, Жадыра НӘЖІБ,
Нұрсая МИЗАМБЕКОВА, Алым ҮСЕЙҰЛЫ, Фариза МҰҚАН,
Ләззат ҚАРМЫСОВА, Ажар ТҰРАРОВА,
Салтанат СҮЙІНДІКОВА, Жазира РАХЫМЖАН,
Нұргүл ӘЛҚУАТ