Шынасылға 23 жыл, Сәкиевке 20 жыл: прокурорлар күдіктілерді қанша жылға соттауды талап етті?

Көркем Алдабергенова 02 мау. 2025 11:30

Прокурорлар сот жарыссөзінде күдіктілерді қанша жылға соттауды талап еткені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айыптау тарапы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша айыпталушыларға келесі жаза мерзімдерін сұрады:

Абзал Шынасылға – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (кісі өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және оған оқталу) бойынша 23 жыл бас бостандығынан айыру;

Равиль Сакиевке – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 99-баптың 2-бөлігі, 24-баптың 3-бөлігі (кісі өлтіруге оқталу) бойынша 20 жыл;

Шыңғыс Белғожаевқа – 293-баптың 3-бөлігі бойынша 7 жыл;

Дархан Аскентайға – 293-баптың 3-бөлігі бойынша 7 жыл;

Нұркияс Ілиясовқа – 293-баптың 3-бөлігі бойынша 9 жыл;

Нұрбол Тоқтаубаевқа – 293-баптың 3-бөлігі бойынша 7 жыл;

Азамат Тоқтаубаевқа – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), қосымша 188-бап (ұрлық) бойынша 15 жыл;

Дидар Қалиахметке – 293-баптың 3-бөлігі бойынша 7 жыл;

Дидар Ысқаққа (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру.

Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотта сөйлеген сөзінде Шерзатқа пышақ салған Шынасыл екені толықтай дәлелденгенін айтқан еді. 

Оның ішінде күдікті ретінде берген жауабында «Шерзатқа пышақ сұғып алдым» деген сөзі бар екенін еске салды.

Сот отырысы барысында қорғау құқығы бар Жақсыкелдінің және сотталушылардың бірі Абзалдың төбелестен кейін пышағын жуып жатқанын айтқан. Бұл – істегі маңызды эпизодтардың бірі ретінде тіркелді.

Сараптама нәтижесіне сүйенсек, Шерзаттың сол жақ өкпесінің жоғарғы бөлігіндегі жарақат оның өліміне себеп болған және ол денсаулыққа ауыр зиян келтіретін жарақат ретінде бағаланған.

Прокурор сарапшы Халимназаровтың қорытындысын келтіріп, жарақаттың тереңдігі 12 см болғанын, ал Шынасылдан алынған пышақтың жүзі 9,5 см екенін айтты. Сарапшының пікірінше, адамның терісі серпімді болғандықтан, пышақ сабының түбіне дейін кіріп кеткен. Бұл – пышақтың үлкен күшпен салынғанын көрсетеді.

Дана Сәрсенбай Шынасылдың сотты шатастыру үшін әртүрлі жауап бергенін атап өтіп, оның сөзіне сенуге болмайтынын жеткізді. Прокурордың айтуынша, Шерзатқа пышақ салған нақты тұлға – Шынасыл Абзал екені толық дәлелденген. Бұл жайтты екі бірдей сарапшы да растаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар