Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот тергеуі аяқталып, тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сотта сөйлеген сөзінде басты айыпталушылардың бірі Абзал Шынасылдан жеті рет жауап алынғанын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның ішінде күдікті ретінде берген жауабында «Шерзатқа пышақ сұғып алдым» деген сөзі бар екенін еске салды.
Сот отырысы барысында қорғау құқығы бар Жақсыкелдінің және сотталушылардың бірі Абзалдың төбелестен кейін пышағын жуып жатқанын айтқан. Бұл – істегі маңызды эпизодтардың бірі ретінде тіркелді.
Сараптама нәтижесіне сүйенсек, Шерзаттың сол жақ өкпесінің жоғарғы бөлігіндегі жарақат оның өліміне себеп болған және ол денсаулыққа ауыр зиян келтіретін жарақат ретінде бағаланған.
Прокурор сарапшы Халимназаровтың қорытындысын келтіріп, жарақаттың тереңдігі 12 см болғанын, ал Шынасылдан алынған пышақтың жүзі 9,5 см екенін айтты. Сарапшының пікірінше, адамның терісі серпімді болғандықтан, пышақ сабының түбіне дейін кіріп кеткен. Бұл – пышақтың үлкен күшпен салынғанын көрсетеді.
Дана Сәрсенбай Шынасылдың сотты шатастыру үшін әртүрлі жауап бергенін атап өтіп, оның сөзіне сенуге болмайтынын жеткізді. Прокурордың айтуынша, Шерзатқа пышақ салған нақты тұлға – Шынасыл Абзал екені толық дәлелденген. Бұл жайтты екі бірдей сарапшы да растаған.