Шымкенттің бас сәулетшісі ұсталды

Көркем Алдабергенова 20 там. 2025 11:23

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қалалық сәулет және құрылыс басқармасының басшысы Арман Абдешовтың қамауға алынғанын растады, деп хабарлайды Dalanews.kz Atameken.business-ке сілтеп. 

Ол 13 тамыз күні әкімдік ғимаратында ұсталған. Қазірге дейін тергеудің толық мәліметтері жария етілген жоқ. Комитет заң талаптарына сай қосымша деректер таратылмайтынын хабарлады.

Арман Абдешов 2024 жылдың қаңтарында басқарма басшысының орынбасары болып тағайындалған еді. Ал биыл 28 ақпанда басқарма жетекшісі қызметіне көтерілген.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Шымкент қаласының бас архитекторы ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов осы жайтқа пікір білдірді. 

"Ақпараттық кеңістікте мен жайлы тағы бір жалған мәлімет тарады. Бүгін ұсталған, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Әбдешовке қатысты кейбір дереккөздер таратқан ақпаратты жоққа шығарамын.

 Оның "менің адамым" екендігі жөніндегі кез келген мәлімдемелердің ешқандай негізі жоқ. Менің оған еш қатысым жоқ. Ол бұл лауазымға мен әкімдікке келгенге дейін тағайындалған. 

БАҚ өкілдері мен арна авторларын жариялар алдында деректерді мұқият тексеріп, халықты адастырмауға шақырамын", - деді ол.

Айта кетейік,Orda.kz мәліметінше, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов бөтеннің мүлкін иемденді деген күдікке ілінген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар