Шымкентте ҰҚКД-ның экс-шендісі Манат Сарбасовқа қатысты атышулы сот процесі жүріп жатыр

Кәмшат Тілеухан 17 мам. 2025 14:20 625

ҚР ҰҚК-ның Шымкент қалалық департаментінің бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовтың ісі сотта қаралып жатыр. Оған бірқатар бап бойынша айып тағылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz inform.kz-ға сілтеме жасап.

Шымкентте ҰҚКД бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты атышулы сот процесі жүріп жатыр. Ол алаяқтық жасады, пара алды және параны беруге мәжбүр етті деп айыпталады. Оған қатысты іс екі резонанстық эпизод бойынша өтуде.

Біріншісінде куәгер Эльмира Дүйсенқызы ҰҚКД басшысының бұрынғы орынбасары жекеменшік мектептен 2007 жылдан бері екі жыл қатарынан жұмысқа жалған орналастырылған қызметкерлерге байланысты ай сайын көз жұма қарап, қамқоршылық танытқаны үшін ақы талап еткенін айтады. Алдымен бұл сома 1 млн теңгені құраса, кейін  5 млн теңгеге дейін өскен.

Сонымен қатар, куәгердің айтуынша, Сарбасов өзінің туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастыруға тырысқан. Дүйсенқызының айтуынша, заңсыз төлемдердің жалпы сомасы 435 млн теңгеге жеткен. Алаяқтық және 278 млн теңгеге құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша Антикор тексеру бастағанда әйел Сарбасовтың үстінен ҰҚК-ға шағымданған, соның негізінде қылмыстық іс қозғалады.

Екінші эпизод 2020 жылы пандемия кезінде медициналық жабдықтар мен қорғаныс құралдарын сатып алумен байланысты. Мемлекетке келтірілген залал 100 млн теңгеден астам сомаға бағаланады.

Бұл ретте ҰҚКД бастығының бұрынғы бірінші орынбасарымен бірге оның бұрынғы көмекшісі де сотталушылар орындығынан табылды. Ол заңсыз кәсіпкерлік және кірістерді жылыстатты деп айыпталуда.

Сондай-ақ, бұрын сотталған және 5,5 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары және медициналық жабдықтарды жеткізуге жетекшілік еткен құрылыс басқармасының өкілі сотқа тартылды. 

Сот алқабилердің қатысуымен өтуде.

Айта кетсек, Манат Сарбасовтың Шымкент қаласының экс-әкімі Мақсұт Исаховқа қарсы атышулы істе де аты аталады. Экс-шенеунік ҰҚКД бастығының бірінші орынбасарына пара беруге оқталды деп айыпталады. Тергеудің мәліметінше, Мақсұт Исахов Манат Сарбасовқа өзіне қарсы қозғалған қылмыстық істі жабу үшін 200 мың доллар ұсынған. Сот процесі кезінде сотталушы ҰҚКД бастығының бұрынғы бірінші орынбасары өзіне кектеніп жүргенін айтқан. Ақырында Мақсұт Исахов 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар