Шымкентте ҰҚК-ның лауазымды қызметкері ұсталды

Қаракөз Амантай 15 ақп. 2024 13:36 2778

Белгілі журналист Михайл Козачков телеграм арнасында Шымкентте ҰҚК департаменті бастығының орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысының орынбасарына "Лауазымды өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылған. Ол ұзақ уақыт бойы жергілікті шенеуніктерге қамқорлық танытып, олардан пара алып келген көрінеді. Журналист осы мәселеге қатысты негізігі үш эпизодты атап өтеді.  

"Бірінші эпизод Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховпен байланысты. 2023 жылы шілдеде шенеунікті жергілікті Ұлттық қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері ұстаған болатын. Ол аса ірі көлемде (200 мың долларға жуық) пара бермек болған. Жақында Исаховтың ісі 367-баптың 4-бөлігі "аса ірі көлемде пара беру" бойынша сотқа өтті. Алайда аталмыш қаржыны кімге бермек болғаны әзірге белгісіз", - дейді журналист. 

Ал екінші эпизод Шымкент қалалық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің бұрынғы тергеушісі Ержан Масақбаевтың қылмыстық ісіне қатысты екен. 

"Ол биыл жазда алаяқтық жасап, пара беруге итермеледі деген айыппен сотталған болатын. Яғни, жекеменшік мектеп иесінен 173 миллион теңге алған. Нәтижесінде 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда ол бұл істі жалғыз жасамаған. Басшылықпен бірлесіп жасауы мүмкін деген күмән бар" - деп сөзін жалғады журналист. 

Үшінші эпизод бойынша Шымкент қаласы білім саласына жауапты шенеуніктерден пара алғаны тексеріліп жатыр. 

"Дереккөз мәліметтеріне сәйкес,  Манат Сарбасовқа бірнеше жыл бойы жарты миллиард теңгеге жуық ақша берілген көрінеді. Мұны  пара берген шенеуніктердің өздері мойындаған көрінеді" - деп қорытындылады журналист. 

Қазіргі таңда Сарбасовтың ісін ҰҚК-нің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр. Олар жемқор шенеуніктерді шетінен тазартуға көшкен. Алайда әзірге Козачковтың жазған бұл фактілерін ресми органдар растаған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар