Шымкентте спорт басқармасы ескі ғимаратты 3,6 млрд теңгеге сатып алмақ болған

Көркем Алдабергенова 02 мам. 2025 13:34 1526

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары салаларда 33 заңбұзушылық фактісі анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады. Солардың бірі — спорт басқармасының 1995 жылы салынған ескі ғимаратты 3,6 миллиард теңгеге сатып алу әрекеті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Otyrar.kz таратқан мәліметке сәйкес, аталған нысан техникалық жағынан ескірген әрі құны шынайы нарық бағасынан әлдеқайда жоғары болған. Антикоррупциялық қызметтің араласуынан кейін бұл мәміле тоқтатылып, бөлінген қаражат бюджетке қайтарылды.

Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің Шымкент қаласы бойынша басқарма басшысы Жандос Бекасанов былай деді:

«Қандай ғимаратты, қай уақытта және қандай жағдайда сатып алуға болатыны жөнінде нақты тәртіптің болмауы — лауазымды тұлғаларға өз бетінше шешім қабылдауға жол ашып отыр. Алайда біз ұсыным бергеннен кейін, келісімшарт күшін жойылып, ақша кері қайтарылды».

Даулы жағдайлардың бірі — №119 мектепке арналған биология кабинетін жабдықтауға бөлінген қаржыға қатысты болды. Бастапқыда бұл мақсатқа 685 миллион теңге қарастырылған. Алайда тексеру нәтижесінде бұл сома 100 есеге қысқартылып, 6,8 миллион теңгеге дейін төмендетілді.

Жандос Бекасановтың айтуынша, мұндай шектен тыс сома маманның техникалық қатесінен кеткен. Бірақ ол жауапкершілікті тек маманға жүктеуге болмайтынын айтып өтті:

«Мұндай шындыққа жанаспайтын жоспарды бекіткен лауазымды тұлғалар жауапқа тартылды», – деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар