«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (АНК) басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Шымкентте сегіз жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеп.
«2025 жылғы 7 тамызда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі межрайондық сотының үкімімен АНК басқарма төрағасының экс-орынбасары И.М. мен мердігер ұйымның директоры С.Р. сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, мүлкі тәркіленді», – делінген сәрсенбі күнгі хабарламада.
Ведомство Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура Қаржы мониторингі агенттігімен (ҚМА) бірлесіп АНК қызметін тексергенін атап өтті.
«Тексеру нәтижесінде 2021 жылы АНК құрамына енген «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ басшылығының лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану фактісі анықталды. Ол «Шымкент қаласында екі алма бағын отырғызу» жобасын іске асыру кезінде орын алған және мемлекетке материалдық шығын келтірген. Аталған дерек бойынша 2024 жылғы 10 шілдеде Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы (лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады», – деп нақтылады ведомство.
Істі тергеу Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.
«Іс материалдарына сәйкес, АНК басқарма төрағасының экс-орынбасары И.М. жеткізуші С.Р.-дың мүддесін көздеп, Шымкент қаласындағы алма бақтарын техникалық талаптарға және көрсетілген өндірістік параметрлерге сәйкес келмесе де қабылдап алған (орындалмаған жұмыстардың сомасы – 430,6 млн теңге). Соның салдарынан мемлекетке бүгінгі күні сарапшылар мен мамандардың қорытындысы бойынша 685,8 млн теңге көлемінде материалдық шығын келген. Қылмыстық іс аясында қосымша ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (алаяқтық) және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (бөтен мүлікті иемдену) бойынша сотқа дейінгі тергеулер тіркеліп, бір өндіріске біріктірілді», – деп қосты Бас прокуратура.
Аталған үкімнің заңды күшіне енбегені атап өтіледі.