– Біз облысымыздағы бірқатар мекемеге үндеу тастағанбыз. Қол ұшын созудан ешқайсысы бас тартпады. Гуманитарлық бекеттерге келіп түскен заттарды мына тұрған «КамАЗ» көлігіне артып қойдық. Жолға шыққалы тұр. Қиындық шегіп жатқан ағайынға бұл аз да болса септігін тигізеді деп сенеміз. Мұнда 10 тонна азық-түлік пен 15 тонна құрылыс материалдары және киім-кешек бар, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.
Әнуарбек Мұхтархановтың айтуынша, көмек көрсетудің бас-аяғы бұл емес, осы уақытқа дейін де аягөздіктерге ұн, картоп, май, макарон өнімдері және басқа да қажетті дүниелер жіберілген екен.
– Аягөздегі жағдайға шынайы алаңдап, көмегін аямаған азаматтар мен мекемелерге алғыс айтудың реті келген секілді. Облыстық және қалалық мәслихат депутаттары: Лұқбек Тұмашинов, Ержан Нұрбаев, Әлия Досыбаева, Сейілжан Сайлаубаевқа, сондай-ақ «Марат М», «Шығысагрохолдинг», «Кседо», «Восток-Молоко» сынды бірнеше серіктестікке мың да бір алғыс, – деді Әнуарбек Мұхтарханов. – Шынын айтсақ, Аягөзден өзге өңірлердің де жағдайы соншалықты мәз емес, соған қарамастан Катонқарағай, Шемонайха, Абай, Глубокое сияқты аудандар мен Семей, Риддер қалалары көмек көрсетіп жатыр.
Осы орайда айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарындағы филиалдары да Аягөзге көмек керуенін жөнелткелі жатыр екен.
Тасқын БОЛАТҰЛЫ
https://dalanews.kz/35221