Жалған дабыл жоққа шығарылды
Ел тасқынмен алысып жатқанда, жалған дабыл қағып, халықты дүрліктіргісі келгендер де табылды. 23 наурыз күні Глубокое ауданындағы Алтай су бөгетінің дамбысы жарылғалы тұрғаны туралы ақпарат тараған болатын. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті аталмыш хабарламаның негізсіз екенін мәлімдеді. «Wats App» мессенджері арқылы тараған аудио хабарламада Предгорное ауылы тұрғындарына Алтай дамбысының су қысымынан бір сағат ішінде жарылатыны туралы айтылған. Жазбада әйел адам тұрғындарды құжаттары мен ең қажет деген заттарын жинап, үйлерін тастап шығуға шақырған. Ізінше төтенше жағдайлар департаменті мен «Шығыс су» мекемесінің мамандары аталмыш бөгет орналасқан Алтай кентіне барып, жағдайды тексерді.
– Жағдай тұрақты. Су бөгеттің ернеуіне жетпеген. Әлі де орын бар. Оның үстіне бөгеттің суағары ақаусыз жұмыс істеп тұр, – дейді төтенше жағдай департентінің баспасөз қызметі. Аталмыш хабарламаның мән-жайын құқық қорғау орындары анықтауда. Ал төтенше жағдайлар департаменті осыған ұқсас жалған хабарламаларды қасақана мессенджерлер арқылы тарату заңмен қудаланатынын ескертті.
Глубокое ауданы
24 наурызда аймақ басшысы Даниал Ахметов Глубокое ауданына түнделетіп барды. Мұндағы Глубочанка өзені арнасынан асып, Белоусовка, Алтай және Глубокое кенті, Прогресс ауылына су жайылған болатын. Таудан аққан қарғын су Предгорное ауылын да әлекке салды.
Аудан орталығының өзінде 30-дан астам үйге су кірген екен. Кенттің ішімен ағатын Глубочанка өзені көпірге сыймай, үйлерге қауіп төндірген. Көпір өтуге жарамсыз болғандықтан, тұрғындар айналма жолмен қатынауға мәжбүр.
– Су 23 наурызда жайыла бастады. Төтенше жағдай мамандары шлак төкті. Соны қаптап, судың жолына тосқанбыз, нәтиже болмады. Қоражайымыз бен құдығымыз су астында қалды. Ауызсуды биікте орналасқан үйлерден алып отырмыз. Су жертөледен бір-ақ шықты. Үйдің іргесіне әуелі полиэтилен төсеп, оның бетіне құмқап жинағанбыз. Оны жасамаған үйлерге қызыл асықтан су кірді – дейді үйін су басқан тұрғындардың бірі Қазима Қасенова.
Үйлерге кірген судың бетін қайтару үшін көпірдің бір жағын жырып, ағыс кептелген тұсты кеңейту керек деген шешім қабылданыпты. Даниал Ахметов ол жұмыстың тиімсіз ұйымдастырылғанын сынға алды.
– Қауқарсыз техникамен жолды жырып болғанша, қанша уақыт кететінін айтудың өзі қиын. Мына екі техниканың орнына үлкен экскаватор қойғанда жұмыс 10 есе жылдам жүруші еді. Осының бәрін ойлап істеу керек болған. Түнде мына техникалардың орнына екі үлкен экскаватор әкелінетін болсын, – деді аймақ басшысы.
Үйіне кіре алмай қалса да, облыс әкімінің келетінін естіп, көшеде сабылып жүрген тұрғындар талап-тілектері мен шағымдарын айтты. Олардың айтуынша, тасқын басталған сәтте-ақ тұрғындар көпірдің шетін жырып, арнаны кеңейтуді ұсынған екен. Облыс әкімі үйі бүлінген тұрғындардың ешқайсысы өтемақысыз қалмайтынын айтты.
– Глубочанка өзені арнасына сыймай кетіп, осындай жағдай болып отыр. Екі күннің ішінде арнайы комиссия барлық су алған үйлерді тексереді. Кіру мүмкін емес болған үйлердің мәселесі су қайтқан соң қаралады. Сол тексерулер нәтижесінде тұруға жарамсыз болған үй иелеріне басқа үй немесе пәтер беріледі. Бүлінген үйлер жөнделеді, – деді Даниал Ахметов.
Соңғы дерек бойынша су алған үйлердің саны 167-ге жетіп отыр. Олардан 566 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Әлеуметтік нысандар базасында құрылған уақытша баспаналарды солардың тек 60-ы ғана паналауда. Қалғандары туысқандарының үйіне орналасыпты.
Аймақ басшысы О.Бөкей атындағы мектепке уақытша көшірілген тұрғындардың хал-жағдайын білді. Мұнда алты бала, алты ересек адам орналастырылыпты. Мектеп директоры спорт залға тағы 150 адам қабылдауға болатынын айтады.
– Екі күннің ішінде 78 миллиметр жаңбыр жауған. Бұл үш айдың мөлшерінен асады. Глубокое ауданында су алған ауылдар да, Өскеменнің шетіндегі жеке секторлар да шұңқырлы жерде орналасқан. Мезгілсіз жауын жібіп үлгермеген тоңның бетімен үйлерге жайылып отыр. Бұған дейін Аягөздегі тасқыннан зардап шеккен отбасыларға барлығы 189 млн. теңге бөлінді. Ал Өскемендегі тасқынның салдарын жоюға қала бюджетінен қаржы жұмсалуда. Глубокое ауданындағы су басқан үйлердің тең жартысы тексерілді. Қалғанын 2 күннің ішінде қарап шығады. Соның нәтижесі бойынша тиісті көздерден қаржы бөлінеді, – деді облыс әкімі.
Прогресс ауылы
25 наурызда таңғы сағат 7.00-ден бастап облыс әкімі Глубокое ауданының су басқан ауылдарын аралады. Глубочанка өзенінің бойында жатқан елді мекеннің бірі – Прогресс ауылы. Мұнда 50 үйді су басып, 222 адам қауіпсіз жерге көшірілген екен. Үй ішіндегі судың тереңдігі 40-60 сантиметрге жеткен. Оларға кірмек түгіл, ауласына аяқ басудың өзі қауіпті. Сондықтан әр көшеге кезекші қойылыпты. Апаттан есін жиған халық үйінің жағдайын көру үшін келгенімен, ауласына да кіре алмай, кері қайтып жатты. Үйін тастап шыққан тұрғындардың көбі Өскемен мен Глубокое кентіндегі туыстарын паналаған екен. Ал ауыл мектебін тоғыз зейнеткер паналауда. Даниал Ахметов олардың әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, талап-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ ол мектеп базасында ұйымдастырылған уақытша баспананың жайсыздықтары бар екенін ескертті.
– Бір бөлмеге 10 төсек қойғансыздар. Бұл ешқандай санитарлық талапқа сыймайды. Көрпе-жастық, киім-кешектің бәрі таза болуы керек. Екі сағаттың ішінде уақытша тұрғындардың жағдайын жақсартыңыздар, - деді аймақ басшысы.
Өзен суының молаюына Белоусовка кентіндегі бөгеттен көп мөлшерде су жіберілуі себепші болды деген болжам бір күн бұрын да айтылған болатын. Даниал Ахметов бөгет басына барып, оның жағдайын көзбен көрді. Бөгеттің суағары реттелмейтін болып шықты. Аудан әкімі Қалихан Байғонысовтың айтуынша, нысан 2000 жылдан бері «Қазминералс» компаниясының басқаруына берілген екен.
– Бөгеттен аққан суды реттеу мүмкін емес. Қажетті межеге жеткен соң артық су өздігінен ағып отырады. Сыртқа шыққан судың Глубочанка өзеніне қосылатыны рас. Өзеннің арнасынан асуына осы жағдай да себепші болған, – дейді аудан әкімі.
Белоусовка кенті
Белоусовка кентінің өзінде 52 үйді су алған. Оның кейбірінде ешкім тұрмайтыны анықталыпты. Қауіпсіз жерге көшірілген 42 адамның 23-і аграрлық колледждің ғимаратына орналастырылған. Уақытша баспананы балаларымен паналап жатқан Әсем Ахметжанова есімді тұрғын үйіне қарғын су 11 наурыздан бастап кіргенін айтады.
– Алғаш су 11 наурызда кірді. Қора мен асхананы, үйдің екі бөлмесін қызыл асықтан келетін су алып қалды. Көмек келмеген соң, ертеңінде әкімдікке бардым. Олар су сорғы әкелгенімен, мұз боп қатқан суды сорғыта алмады. Осылайша үйіміз бір апта бойы қарғын судың құрсауында тұрды. Үйде денсаулығы нашар қария бар болатын. Оны туысқандарымызға апардық. Өзім баламмен ауруханаға жатып шықтым, – дейді Әсем Ахметжанова.
Аяқ астынан үйлерін тастап шыққан тұрғындардың көбі құжаттан басқа заттарын алып үлгермегендерін айтумен болды. Даниал Ахметов үйіне кіре алмай қалған тұрғындарды ең қажет деген заттармен қамту үшін бірінші кезекпен 10 млн. теңге бөлетінін айтты. Ал шығынның орнын толтыру жұмыстары үйлердің барлығы есепке алынған соң жүрмек. Глубокое кентіне түнделетіп жеткен ауыр техникалар ағынның кептелісін бәсеңдетіпті. Дегенмен, мұнда да жағаға жақын орналасқан үйлердің көбіне әлі де болса кіру мүмкін емес.
Предгорное ауылы
Предгорное ауылында 35 үйді су басқан екен. Тасыған судың жолына екі қатар бөгет орнатылуда. Даниал Ахметов мұндағы жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылғанын атап, аулаларға тоқтаған топан суды сорғытудың амалдарын қарастыруды тапсырды. Көлкіген судың ортасында тұрған бірнеше үйді аралаған аймақ басшысы тұрғындарға барлық шығынды мемлекет өтейтінін жеткізді. Мұндағы елдің кейбірінің үйіне су тізеден кірсе, кейбірінің ауладағы көлігі оталмай қалған. Тоқтау судың тізеден асатынына қарамастан, тұрғындар үйлеріне келіп, малын жайғап, мүліктерін түгендеуде.
– Бұл ауданда су басқан үйлердің саны 167-ге жетті. Шығын әлі есептелуде. Әсіресе Белоусовка және Глубокое кенттері, Прогресс және Предгорное ауылдары қатты зардап шеккен. Бұл жағдай жылда қайталанбас үшін кейбір жерде өзен арнасын кеңейтіп, кейбір тұстағы үйлерді мүлде қауіпсіз орынға көшіреміз. Ертең сағат 11.00-ге дейін алғашқы көмекке қажет қаржыны тиісті шотқа аударамыз, – деді Даниал Ахметов.
Шемонайха ауданы
25 наурызда Шемонайха ауданында Үбі өзенінің бетімен сең жүріп, мұз кептелісінің кесірінен 58 үйді су басты. Су үйлерге таңғы сағат 7.30-дан бастап кіре бастаған. Осы оқиға салдарынан ауданда дереу төтенше жағдай жарияланған болатын. Соңғы үш күндегі жылымық пен жаңбыр салдарынан өзен бетіндегі мұздың көбесі сөгіліп, сең жүрген. Қалыңдығы бір метрден асатын мұз кесектері Шемонайха қаласына кіреберістегі аспалы көпірге кептеліп, салдарынан жағадағы үйлерге су кірген екен. Тұрғындардан дабыл түскен бетте төтенше жағдай мамандары мен жергілікті әкімдік мұзды қопарғыш затпен жаруға шешім қабылдапты. Соның арқасында үйлерге кірген судың беті қайтып, кептеліс сейілсе керек. Су алған үйлерді облыс әкімі Даниал Ахметов аралап көрді.
– Айналдырған 20 минуттың ішінде өзен суы үйге кірді. Көршілердің малын босатып үлгердік. Басында жаңбыр суының әсері шығар деп ойлап қалдық. Мұз кесектері ауламызға кіре бастаған кезде сең жүргенін бірақ білдік. Дереу қала әкіміне қоңырау шалдық. Олар жедел шешім қабылдап, 3 сағаттың ішінде су арнасына қайтты, – дейді апат туралы құзырлы органдарға хабарлаған Вера Шестакова. Повстанческая көшесінің ең шетінде тұрған зейнеткердің үйіне кіру мүмкін болмай қалыпты. Су іргетастан асып, терезеге жете жаздаған. Даниал Ахметов осыған ұқсас жағдайға түскен бірнеше үйді аралап, апаттан есін жиып үлгермеген халықтың көңілін жайландырды.
– Бұл жерде біреуден кінә іздеуге келмейді. Өзен бетімен сең жүрген. Жауапты мамандар дер кезінде дұрыс шешім қабылдап, кептелісті қопарғыш затпен жарған екен. Соның арқасында су тез қайтты. Жағалау әлі де бекемделетін болады. Барлық үйді арнайы құрылған комиссия қарап, тұруға жарамсыз болғандарын басқа үймен немесе пәтермен алмастырамыз. Ал жай ғана бүлінгендерін жөндеп береміз. Жиһаз бен өзге де мүліктеріңіз бүлінсе, шығынын толтырамыз. Оған күмән болмасын, – деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов су басқан 58 үйдің 10-нан астамы жарамсыз күйге түскенін атады. Олардың иелеріне аудан орталығынан баспана берілмек. Қала әкімі Мұрат Желдібаевтың айтуынша, аудан орталығында 40-қа жуық үй сатылымда тұрған көрінеді. Ал өзен арнасына тым жақын орналасқан үйлер біржола қауіпсіз аймаққа көшірілетін болады. Қазіргі таңда 11 бала мен зейнеткер әлеуметтік нысандарға орналастырылған. Қалған үйлердің тұрғындары туыстарын паналауда.
Өскемен қаласы
Облыс орталығында тасқынның екінші толқыны 21 наурыздан бастап сезілді. Сол себептен де, құтқарушылар алғашқы күндері негізгі күшті облыс орталығына бағыттаған болатын. Әуелі Шмелев лог елді мекенінен аққан су Красин кентіне жайылып, аулаларға қауіп төндірді. Төтенше жағдай мамандары жол жиегіне құмқап төсеп, аулаларға кірген судың жолын бөгеген болатын. Ал 22 наурызда Ахмер ауылының Игілік көшесіндегі бірнеше үйдің ауласына кірген қар суы тұрғындардың сыртпен байланысын қиындатты. Тұрғындардың кейбірін құтқарушылар үйіне арнайы техникамен жеткізген. Қаланың өзге аудандарында да осыған ұқсас жағдай байқалды. Сібір, Малдыбаев және Ярославская көшелеріне жайылған суды сорғытуға ондаған техника жұмылдырылды. Шығыс өңірлік аэроұтқыр апаттық құтқару жасағының мамандары Сібір көшесінен екі адамды «Үлбі» әлеуметтік орталығына жеткізген. Кешке қарай олардың қатары көбейе түсті.
Осы күні әлеуметтік желіге тараған видеолардан Меновное кенті мен 19 шағын ауданның орталық көшелерінде, Мыза көшесінде көліктердің «жүзіп» жүргенін көруге болады. Төтенше жағдай мамандары судың жолын тосу үшін бір тәулік ішінде 61560 құмқап төсеп, 3440 текше метр су сорды. Оларға ұлттық ұлан сарбаздары көмекке келді. Ол жұмыстарға 36 техника жұмылдырылған.
24 наурыздың кешінде облыс басшысы Өскемен қаласының Гавань ауданындағы жағдаймен танысты. Қала әкімі Қуат Тұмабаевтың айтуынша, мұнда бес бірдей «КаМАЗ» көлігі жайылған судың жолына қиыршық тас төгіп, тұрғын үйлерді қоршай, бөгет тұрғызуда. Даниал Ахметов бұл шешімнің дұрыс екенін айтып, жұмысты ширату үшін тағы қосымша бес техника жұмылдыруды тапсырды. Өскеменнің жеке секторында су кірген үйлердің саны 60-тан асып отыр. Меновное, Согра, Аблакетка, Бабкина Мельница, Шмелев лог, Ахмер елді мекендері мен Рабочая, Заводская көшелері қарғын судан қатты зардап шегуде. Осыған байланысты, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиал төрағасының орынбасары Майраш Екібасова аталмыш аудан тұрғындарына көмек жинау туралы үндеу тастады. Бүгінде бұл қорғау киім-кешек пен ақшалай түрдей көмек жиналу үстінде.
Зырян ауданы
25 наурыз күні Соловьев ауылында 18 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Березовка өзенінің суы арнасынан тасып, бірнеше үйдің ауласына жайылған. Құтқарылған адамдардың бір бөлігі ауыл мектебін, қалғаны туыстарының үйін паналады.
Катонқарағай ауданы
23 наурыз күні Үлкен Нарын ауылында 18 үй мен 45 ауланы су алды. Салдарынан 13 бала, тоғыз ересек адам адам агротехникалық колледжге орналастырылды. Су басқан 18 үйдің үшеуі мүлдем жарамсыз күйге түскен. Шығындар әлі есептелуде.
– Тасқын қаупі қайталанбас үшін, Сурка өзенінің 800 метр жағалауына биіктігі екі метр болатын бөгет үйілуде, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жанболат Тыныбеков.
Бес күн ішінде облыс бойынша 750 адам қауіпсіз жерге көшірілген.
Тасыған су жол қатынасына да зардабын тигізуде. Әуелі Өскемен - Семей бағытындағы жолды су алса, кейін Өскемен-Северное бағытындағы жолдың 30-43 шақырымына қарғын су жайылып, қозғалыс тоқтаған болатын. Бүгінде көлік қатынасы қалыпқа келтірілді.
Апат салдарын жоюға бірінші болып көршілес өңірлер қол созуда. 23 наурыз күні Павлодар облысынан екі арнайы техникамен тоғыз адамнан тұратын құтқарушылар тобы шықты. Олар қазір Өскеменде апат салдарын жоюға көмектесуде. Ал 25 наурыз күні Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті көмек ретінде құтқарушы жасақпен бірге 15 моторлы сорғы, резеңке қайықтар, сүңгуір киімі мен альпинистік жабдықтар, спутник телефондары, GPS навигаторлар мен трекерлер жөнелтті.