Көрмеге National Geographic, «Егемен Казақстан», облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерінің фототілшілері түсірген суреттер қойылды.
Шараға ШҚО әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысып, көрмеге өз жұмыстарын ұсынған жастарға тілектестік білдірді.
«Шығыс-ақпарат» ЖШС мен Катонқарағай ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға келгендер облыстық «Дидар» газетінің қызметкерлері Мерей Қайнарұлы мен Тілеубек Шаяхметтің суреттеріне ерекше қызығушылық танытты.
Әлеуметтік желіде Шығыстың көрікті жерлерінен жарнамап, туристік әлеуетін насихаттап жүрген қос тілшінің бұл басылымда қызмет еткендеріне біраз жыл өтті.
Мерей мен Тілеубектің «қолтаңбаларын» облыс тұрғындарымен қатар шетелдіктер де таниды. Фотокөрмеге алғаш рет жергілікті ЖОО-дағы журналистика факультетінің студенті Елназ Әбенғазиева да қатысты.
"Бұл шараға шақырту аламын деп мүлдем ойламадым. Әділ қазылар менің туындыларымды жақсы бағалады", – дейді Елназ.
Фотокөрмеге алғаш қатысты тағы бір жас Нұрлан Бүлдірген келешекте де осы кәсіппен айналысқысы келетінін айтады.
"Өмірімді осы кәсіппен байланыстырғым келеді. Шығыстың табиғатымен байланысты жобаны қолға алу ойымда бар. Шығыстың көрікті жерлерін әлемге әйгілеуіміз керек", - деді Нұрлан Бүлдірген.
Өскемендегі фотокөрме қараша айының 8-іне дейін жалғасады. Бұдан кейін көрме Семейде өтеді.