Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарынан ауысатын студенттерді ҰБТ немесе кешенді тестілеуден өтуге міндеттеу ұсынылды, деп хабарлайды Dala News.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес, шетелден ауысатын немесе қайта оқуға қабылданатын студенттер:
•оқу нәтижелері көрсетілген транскрипт;
•ҰБТ немесе кешенді тестілеу сертификатын ұсынуы тиіс.
Сертификаттағы балл тиісті мамандық бойынша белгіленген шекті деңгейден төмен болмауы қажет.
Егер студентте ҰБТ немесе КТ сертификаты болмаса, жоғары оқу орны оны бір академиялық кезеңге шартты түрде қабылдай алады. Осы уақыт ішінде студент тест тапсыруы тиіс.
Құжатқа сәйкес, әрі қарай оқу тек қажетті шекті балл жинаған жағдайда ғана жалғасады.
Сонымен қатар бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.
Атап айтқанда:
•әлемдік рейтингтің топ 700 университетінен;
•ЭЫДҰ елдерінің ұлттық рейтингіндегі топ 100 оқу орнынан;
•немесе Қазақстандағы шетелдік ЖОО филиалдарынан ауысатын студенттер үшін
ҰБТ немесе КТ тапсыру талабы қолданылмайды.
Бұдан бөлек, докторанттарды қорғауға жіберу алдында оларды уәкілетті органның цифрлық жүйесінде тіркеу міндеті енгізіледі.
Министрлік бұл өзгерістердің мақсаты барлық талапкерлер үшін тең жағдай жасау және ел экономикасына қажетті бәсекеге қабілетті мамандар даярлау екенін атап өтті.
