Шетелде қанша қазақстандық соғысып жүр?

Көркем Алдабергенова 16 сәу. 2025 09:22 169

2024 жылғы 1 сәуірде интернет желісінде Украинаға қарсы соғысқа қатысқан делінетін 660-тан астам қазақстандықтың есімі көрсетілген тізім тарады. Алайда ҚР Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың расталмағанын және тексеруді қажет ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.

Украинадағы соғыс және қылмыстық істер санының өсуі

Қазақстанда шетелдегі әскери жанжалдарға қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған екі бап бар:

170-бап – «Жалдамалылық» (жаза мерзімі – 17 жылға дейін),

172-бап – «Шет мемлекеттің аумағындағы соғыс қимылдарына қатысу» (жаза – 9 жылға дейін).

2022 жылы Бас прокуратураның мәліметінше:

170-бап бойынша ешбір іс қозғалған жоқ,

172-бап бойынша – 2 іс тіркелген, 3 іс тергеуде болды (бірі аяқталған, бірі сотқа жіберілген, бірі тоқтатылған).

2023 жылы жағдай күрт өзгерді:

170-бап бойынша – 3 іс тіркеліп, барлығы тергеуде болды (бірі сотқа жіберілген, бірі тоқтатылған),

172-бап бойынша – 23 іс тіркеліп, 25 іс тергеуде болды (9 іс аяқталды, 1 сотқа берілді, 1 тоқтатылды, тағы 1 іс уақытша тоқтатылған).

2024 жылы да бұл үрдіс жалғасуда.

Көбінесе істердің тоқтатылу себебі — күдіктілердің елден тыс болуы және оларды тергеуге жеткізу мүмкін еместігі. Кейбір істер фигуранттардың қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.

2022 жылдан бері шетелдегі әскери жанжалдарға қатысқаны үшін Қазақстанда:

170-бап бойынша – 5 іс,

172-бап бойынша – 92 іс қозғалған.

Яғни кем дегенде 97 қазақстандық шетелдегі соғыс әрекеттеріне қатысқан.

Кейстердің күрт өсуі Украинадағы соғыспен байланысты болуы мүмкін.

Сотталғандар саны

Аталған екі бап бойынша:

2022 жылы – ешкім сотталмаған,

2023 жылы – 170-бап бойынша 1 адам, 172-бап бойынша 2 адам сотталған,

2024 жылы – 170-бап бойынша тағы 1 адам, 172-бап бойынша тағы 2 адам сотталды.

Яғни барлығы 8 адам сотталған.

Украина мен Сирия: жаңа баптың енгізілуіне себеп болған қақтығыстар

Статистика көрсеткендей, шетелдегі соғыстар басталған кезде, Қазақстанда да тиісті баптар бойынша істер саны көбейеді. Мұндай жағдай 2014 жылы, Украинадағы шығыс өңірінде соғыс күшейген тұста байқалды.

Бастапқыда Сыртқы істер министрлігі мен Бас прокуратура бұл мәліметтерге күмәнмен қарағанымен, сол жылдың соңында қазақстандықтардың шетелдегі әскери іс-қимылдарға қатысқаны ресми расталды.

Осыған байланысты, 2014 жылдың соңында ҚР Қылмыстық кодексіне 172-бап енгізілді. Бұл бапқа дейін мұндай жауапкершілік қарастырылмаған еді.

Жаңа бап күшіне енген соң, сол жылы бірден 76 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істердің бір бөлігі Украинамен, екіншісі Сириядағы соғыспен байланысты болуы мүмкін.

2015–2021 жылдары аралығында 170 және 172-баптар бойынша 124 іс тіркелген. Дегенмен, олардың нақты қай елдегі соғысқа қатысқаны туралы мәліметтер жарияланбайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар