Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында күтпеген жайт болды. Іске тіркелген басты айғақ – күдіктілердің тергеу изоляторындағы әңгімесі жазылған бейнежазба дискісі іс материалдарынан жоғалып кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокаттардың айтуынша, видео жасырын орнатылған камера арқылы жазылған. Онда айыпталушылар – Нұркияс Ілияс пен Абзал Шынасыл тергеуге дейінгі қамауда отырып, Шерзаттың өлімі болған түнгі оқиғаларды талқылаған.
Сотта жәбірленуші тараптың қорғаушылары бейнежазбаның стенограммасын оқып берді. Онда мынадай диалог жазылған:
- Әлгі әйелдің көзі қиық еді, бауырым, – дейді Абзал.
- Досым, байқамаппын, – деп жауап береді Нұркияс.
- Ол ішке үңіліп қарады… Ал егер басқа жаққа қараса ше? Біздің арттағы көліктерге тиіп те кетпегені қалай? Мен тас лақтырдым.
- Мен де лақтырдым.
- Бір жеріне дөп тиді. Мен тас алып, олардың бірінің артынан екіншісі тұрғанын көрдім. Ана жақта да көлік тұрған. Мен лақтырдым, мына жерге тиді.
- Бірақ сен атқаныңды айтпадың ғой. Әрине, ұмытқан шығарсың. Айтпа.
Адвокат Бағдагүл Әжіғалиева осы диалогқа қатысты айыпталушыларға сұрақ қоймақ болған. Алайда олар бұл сөздерді өздері айтпағандарын кесіп айтты.
Жәбірленуші тарап соттан №5825 дискіні – сол әңгіменің түпнұсқа бейнежазбасын – қайта қарап шығуды сұрады. Алайда сот барысында бұл диск іс материалдарынан табылмады.