Жетісу облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полатты өлтіру дерегі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бұл жолы сот 2024 жылғы 3-тен 4 қазанға қараған түні айыпталушылардың көлікте сөйлескен сәтіндегі аудиожазбамен танысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жәбірленуші тараптың қорғаушылары сотта жазбадағы ең елеулі тұстарды атап көрсетті. Аудиожазбада мынадай жайттар анықталған:
Айыпталушы Нұрқияс Ілиясов оқиға кезінде Шерзаттың анасын өзі тоқтатып, сол сәтте оның ұлына өлімші жарақат салғанын айтқан;
Айыпталушылар шабуыл кезінде қолданылған қарудың қайдан шыққанын өзара талқылаған;
Қылмысқа қатысқандар елден қашу жолдарын қарастырған – олардың әңгімесінде Грузия мен Ресейге кету нұсқалары айтылған;
Іс фигуранттарының бірі Азамат Тоқтаубаев бөтен телефонды алғанын мойындап, оны дүкен маңынан тауып алғанын және кейін достарына қайтармақ болғанын айтқан.
Сот отырысында жазбада естілген дауыстардың айыпталушыларға тиесілі екені расталды – олар бұл фактіні мойындаған.
Қылмыстық іс бойынша тыңдаулар жалғасуда.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.