Қаржаубай Нұрымовтың қорғаушысы, заңгер Мейірман Шекеев соңғы уақытта белгісіз тараптардан қысым көріп жүргенін мәлімдеді. Ол қоғамнан қолдау сұрап, бұл жағдайдың Шерзатқа қатысты істі алған сәттен басталғанын алға тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Шерзаттың ісін алғаннан бері маған түрлі бағыттан жасырын қысым көрсетілуде. Бұған дейін барлығына сабырмен қарап келсем де, енді біреулер мені тоқтатуға тырысып жатқандай. Мақсаттары – мені апелляциялық сотқа жібермеу ме, әлде басқа нәрсе ме – әзірге нақты білмеймін. Бірақ Астанадағы судьяның мен айтпаған сөзді айтты деп, жеке ұйғарымда ойдан шығарылған уәждер жазуы бекер емес екені анық", – деді ол.
Шекеевтің айтуынша, сотталушылардың бірінің туысы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болуы мүмкін деген қауесет те тарап жатыр.
"Бұған дейін сотталушылардың бірінің туысы министрлікте істейді деген сөзге мән бермеген едік. Бірақ қазір байқасам, бүкіл әрекет сол жақтан бағытталып жатқандай. Егер әділетті сот болмаса, әділетті Қазақстан туралы айту да артық. Дегенмен, менің артымда мені қолдайтын халық барда, ешкім мені сындыра алмайды деп сенемін", – деді заңгер.