Шерзат Болаттың қазасы: Бас прокуратура тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты

Қаракөз Амантай 11 қар. 2024 10:51 61786

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев 16 жастағы Шерзат Болаттың қайғылы қазасына байланысты Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

“Шерзат бауырымыз көз жұмған Талғардағы трагедияға қатысты депутаттық сауал жолдаған едім. Жауабы келді. Алматы облысының Талғар аудандық ПБ ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5,7,9,14) тармақтарымен тергеп-тексеруді бастаған (аса қатыгездiкпен жасалған, адамдар тобының, алдын ала сөз байласуымен, бұзақылық ниетпен, көрінеу кəмелетке толмаған адамды өлтіру). Оған қоса ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық, пышақтарды немесе өзге де суық қаруды қолданып жасалған іс-əрекеттер) жəне ҚК-нің 434-бабы бойынша (қылмыс туралы хабарламау) қылмыстық істер тіркелген (бір іс жүргізуге біріктірілді)”, - делінген Бас прокуратура жауабында.

Қазіргі уақытта іс бойынша 11 күдікті ұсталып, оларды күзетпен ұстау шарасы санкцияланған.

"Бүгінде қылмыстық іс шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды, орын алған оқиғаның мəн-жайларын анықтауға бағытталған тергеу əрекеттері жүргізілуде. Олардың нəтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, процестік шешім қабылданатын болады. Сауалда көрсетілген Алматы, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Павлодар жəне Ақтөбе облыстарында орын алған қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеу барысы қатаң бақылауда", - делінген жауапта.

Бас прокуратура нəтижесі бойынша процестік шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар