Шерзат Болаттың өлімі: сот отырысына бірнеше куәгер келіп, мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 29 сәу. 2025 11:01 184

Шерзат Болаттың өлімі бойынша сот отырысына бірнеше куәгер келді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алғаш болып куәгер Бекнұр Асқарбек келіп, сұрақтарға жауап берді. Ол Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген адам. 

Куәгер Бекнұр сотталушылардың ішінен тек Дархан мен Думанды ғана танитынын айтты.

"Дархан – менің жездемнің көршісі. Ал Думанмен бір мектепте оқығанбыз. Арамызда ешқандай жанжал не реніш болмаған. Жәбірленушілермен таныстығым жоқ. 3 қазан күні кешке жездем хабарласып, "Дархан сенімен байланысады, мың теңге салып жіберші" деді. Артынша Дархан өзі хабарласып, нөмір жіберді, мен сол нөмірге ақша аудардым. Ақшаны апам Светлананың атымен жібердім. Ол қаражаттың не үшін керек екенін айтқан жоқ. Сол күні дүкенде не болғанын білмедім, тек кейіннен естідім. Ақша аударған кезде нөмірде "Жұмабике" деген есім шықты", - деді куәгер.

Сонымен қатар, тағы бір куәгер Еркебұлан Тоқтарбай сотталушы Дархан Әскентайдың сыныптасы болып шықты. Сондай-ақ сотталушылар Тоқтаубаев Нұрбол мен Азамат — Еркебұланның жолдас баласының інілері екені анықталды.

"Дарханмен бір ауылда тұрамыз, анда-санда кездесіп тұратынбыз. Оқиға болған күні кешкісін сыныптасымыз Айдынның үйіне жиналуға уағдаласқан едік. Сол күні сағат сегіздер шамасында Дархан да келді. Біраз уақыттан соң ол кетіп қалып, он минуттан кейін қайта оралды. Қолында сыра болды. Кейін Дархан мен Айдын аздап ішімдік ішті. Сағат он жарымдарда көлігімді жөндеп бітіріп, үйлерімізге қайтуға жиналдық. Жол бойындағы Менделеев көшесіндегі дүкеннің қасында Дарханды түсіріп кеттім. Ол маған тек дүкен жаққа апарып тастауды сұрады, өйткені үйі сол маңайда болатын. Көлікте отырған кезде біреумен сөйлесіп, "мың теңге жіберші" деп жатқанын естідім", деді Еркебұлан Тоқтарбай.

Ол дүкеннің маңында болған оқиғаны кейінірек әлеуметтік желіден естігенін жеткізді.

Сотта оқиғаға қатысты тағы бір куәгер — сотталушының сыныптасы, Талғар аудандық полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын да жауап берді.

"Жедел кезекшіден Менделеев көшесінде төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына барғанымызда, бұрылыста адамдар тобымен сөйлестім. Сол жерде жерде қанды көрдім. Куәгерлер бір баланың пышақталғанын, оны әкесі емханаға апарғанын айтты. Барлығын кезекші бөлімге баяндадым. Кейін күдікті көліктерді анықтап, тағы да кезекшіге хабарластық. Сол кезде бір жігіт көзімізге түсті, әріптесім екеуіміз оны ұстадық. Ол өзін Әскентай Дархан деп таныстырып, "Менделеев көшесінде болдым, төбелеске қатыстым" деді. Алғашында Дарханды танымай қалдым, өйткені оның көзі ісіп кеткен еді әрі қараңғы болатын. Оның үстіне одан ішімдіктің иісі шығып тұрды", - деді Жәнібек Әмірақын.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар