Шерзат Болаттың ағасы өз-өзіне қол жұмсаған. Ақпаратты полиция растады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы облыстық полиция департаменті мәліметінше, Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өз-өзіне қол жұмсаған.
"Марқұм биыл 4 қазанда қайғылы жағдайда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жағдайды анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады", - деп жазылған хабарламада.
Полиция марқұм Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын мәлімдеді.
"Марқұмның отбасына қатысты қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің сөзінше, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлікпен кетке. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жарияланбайды", - деп жазылған хабарламада.
Полиция тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады. Сондай-ақ, жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін кенін еске салды.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, дүкенге келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазір күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін де айтты.
Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды. Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.