Шенеуніктер қандай кірістерін жариялауға міндетті?

Көркем Алдабергенова 11 ақп. 2025 10:15 1036

Мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, судьялар және ұлттық компания басшылары қандай кірістерін жариялауға міндетті екені белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы 2025 жылғы 7 ақпандағы бұйрығына сәйкес жариялануға жататын мәліметтердің тізімін бекітті. Бұл мәліметтер олардың кірістері мен мүлкі туралы декларациясында көрсетіледі.
 
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” заңның 11-бабының 9-тармағы күшіне енді. Оған сәйкес, 2025 жылдан бастап:
  • саяси мемлекеттік қызметкерлер;
  • “А” корпусындағы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер;
  • Парламент депутаттары;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкіл;
  • судьялар;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық қызмет атқаратын тұлғалар;
  • олардың жұбайлары өздерінің кірістері мен мүлкі туралы декларацияларын 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін және одан кейін жыл сайын жариялап отыруға міндетті.
Жариялануы тиіс мәліметтердің нақты тізімін бекіту үшін Антикор арнайы қаулы қабылдады.
 
Жариялануы тиіс мәліметтер тізімі:
  1. Декларация тапсырған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
  2. Декларация ұсынылған есепті салық кезеңі;
  3. Жеке табыс салығына жататын кірістер туралы ақпарат (жалпы сомасы);
  4. Есепті салық кезеңінде сатып алынған немесе өтеусіз алынған мүлік (ақша қаражатын қоса алғанда) туралы мәліметтер, оның ішінде ҚР аумағынан тыс жерлерде:
•мүліктің түрі;
•тіркелген елі (ел коды);
•мүліктің құны (бағасы).
 
5. Есепті салық кезеңінде сатылған немесе өтеусіз берілген мүлік туралы мәліметтер, оның ішінде ҚР шегінен тыс:
•мүліктің түрі;
•тіркелген елі (ел коды);
•сатылғандағы құны (бағасы).
 
6. ҚР аумағынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі есепшоттардағы ақша қаражаты туралы ақпарат:
•сома (валютасы көрсетілуі керек);
•банк атауы және оның орналасқан елі.
 
7. Есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанына сәйкес жеке тұлғаның меншігіндегі мүлік туралы ақпарат (түрі, саны, тіркелген елі):
•мемлекеттік немесе басқа да тіркеуге жататын мүлік;
•шетелдік заңнамаға сәйкес тіркеуді қажет ететін мүлік немесе мәмілелер;
•Қазақстаннан тыс жерде тіркелген бағалы қағаздар, цифрлық активтер;
•инвестициялық алтын;
•Қазақстаннан тыс жерде тіркелген заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлес.
 
Бұл бұйрық 2025 жылғы 21 ақпаннан бастап күшіне енеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар