Ақмола облысында шенеунік екі жыл бойы жетім балаға арналған пәтерде тұрып келген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қандай заңсыздықтар жасалған?
Ақмола облысының прокуратурасы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үй құқықтарын қорғады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл санаттағы балалар тұрғын үй алуға бірінші кезекте құқылы. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тарапынан балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу құқығы бұзылған.
Прокуратура мәліметінше, 33 бала заңсыз түрде есептен шығарылған, 8 бала уақытында кезекке қойылмаған, ал 1 балаға мүлде тұрғын үй беруден бас тартылған.
"Аудан орталықтарының бірінде жетім балаға арналған пәтерде екі жыл бойы мемлекеттік мекеме басшысы тұрған. Қадағалау актісі бойынша пәтер қайтарылып, балаға берілді, қазір басқа балалардың бұзылған құқығын қалпына келтіру шаралары қабылданып жатыр. Жұмыс жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында жетім балаға тиесілі пәтерде әкімнің орынбасары тұрғаны хабарланды.
Павлодар облысында басшылық Ертіс ауданы әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасарына жетім балаға тиесілі пәтерді беру туралы шешім қабылдаған.
Басқарма басшысы әдеп кеңесінде ештеңені жоққа шығармаған. Ол шешімді өз бетінше қабылдағанын айтып, пәтер кілтін аудан әкімінің орынбасарына өзі табыстаған.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері заңға сәйкес әрекет ету керегін, алайда әкім орынбасары пәтерде көп тұрмайтынын ескеріп, лауазымды тұлғаға қызметтік талаптарды толық орындамағаны туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынған.