Былтыр өңірде көшеттердің жаңа түрлері мен санын көбейту мақсатында «Бадам» мемлекеттік мекемесінде 2 жылыжай құрылған болатын. Басқарма мамандарының айтуынша, бүгінде облыста жалпы орман қорының жерлері 3 132,0 мың гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқабы 1 589,0 мың гектарға жеткен.
Бұдан бөлек, 2017 жылға бекітілген индикативтік жоспарға сәйкес, таулы және тоғайлы аумақта 390 гектар, құмды өңірде 3 мың гектар жерге көшет егілген. Сондай-ақ, 10 577 гектарға сексеуіл тұқымы себілсе, орманның табиғи түрде ұлғаюына ықпал ету жұмыстары 7 мың гектар аумақта жүргізілген.
«Шатқал» бағдарламасын іске асыру мақсатында былтыр облыстың елді мекендерін көгалдандыруға аудан, қала әкімдіктеріне басқарма тарапынан 480 мың түп көшет тегін босатылыпты. Биыл басқарма аудан, қала әкімдіктерінен сұранысына орай 1 млн. 990 мың түп көшетті тегін үлестіруді жоспарлап отыр. Биыл сондай-ақ, Шымкент қаласы айналасындағы «Жасыл аймақ» көлемін 19 мың гектарға ұлғайту жұмыстары жүзеге асып жатыр.
Сондай-ақ, Шымкент қаласы аумағынан 125 гектар жерде орналасқан 7 шатқалда 55 мыңнан аса әртүрлі көшеттер егіліп, абаттандандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыс тағы да жалғаса беретін болады. Ағымдағы жылы аталған шатқалдың екеуі ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі