Шаруалар 2 млн текше метрге дейін қар суын жинайтын су қоймасын салатын мүмкіндікке ие болды

Жарбол Кентұлы 23 мам. 2025 12:16

Қазақстандық шаруалар жаңа Су кодексіне сәйкес, 2 млн текше метрге дейін еріген қар суын өз бетінше жинай алады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа Су кодексіне сәйкес, су пайдаланушылар ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін еріген қар суын арнайы рұқсатсыз өз бетінше жинай алады. Бұл үшін көлемі 2 млн текше метрден аспайтын тоған, су қоймасы немесе өзге де қойма салу қажет.

Еріген қар суын жинауға арналған гидротехникалық құрылымдар қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс, өзендермен, көлдермен және басқа да су нысандарымен байланыспауы керек әрі қоршаған ортаға зиян келтірмеуі қажет. Құрылыс аяқталғаннан кейін бассейндік су инспекциясын хабардар етіп, бұл нысанды арнайы тізімге енгізу қажет.

Бұл шара диқандарды суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және Қазақстандағы ауыл шаруашылығының дамуына бағытталған.

Жаңа Су кодексіне Мемлекет басшысы биыл 9 сәуірде қол қойған болатын. Құжат 10 маусымда күшіне енеді.

– Жаңа Су кодексі Қазақстандағы су саласының барлық бағыттарын қамтиды. Оның басты міндеттері – су үнемдеу жөніндегі жалпыұлттық саясатты қалыптастыру және дамыту, елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұруды реттеу, балама су көздерін (жаңбыр және еріген қар сулары, тазартылған ағын сулар, тұщытылған тұзды сулар) пайдалану, сондай-ақ су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалану деңгейін арттыру, – деді Су саясаты департаментінің директоры Серікжан Бекетаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар