Түркістан облысы Шардара аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Информбюро31 мәліметінше,бюджеттің 4 миллиард теңгеге жуық қаражатын талан-таражға салған бас-аяғы 15 адам түрлі жаза арқалады. Басты айыпталушы 10, қалғандары 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Қылмыстық жолмен пайда болған мемлекет пайдасына өндірілді. Оның ішінде үйлер, пәтерлер, 20 шақты жылжитын, жылжымайтын мүлік. Сонымен қатар сотталған тұлғаның меншігінде сауда орталығында алтын сататын орын болған. Оны да қылмыстық жолмен пайда болған деп сот мемлекет пайдасына өндірді", - дейді Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев.
Тергеу мәліметінше, олар ұйымдасқан топ құрып, қазына қаражатын иемдену мақсатында жұмыс істемеген тұлғаларға жалақы аударып отырған. Артынша ақшаны өздерінің жеке шоттары арқылы шешіп алған. Ол аздай, заңсыз жолмен келген миллиондарды жеке пайдаларына жұмсап, дүние-мүлік алып үлгерген екен.
Сотта айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Істі жеті ай бойы қараған судья 62 жастан асқан үш айыпталушыға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Тағы екі сотталушы балалары кәмелет жасына толмағандықтан жазасын бес жылдан соң өтейтін болды. Басты айыпталушының туыстары үкіммен келіспейді.