"Шампур сұғып алған". Оқушының өліміне қатысты тың деректер айтылды

Сағыныш Сардарова 27 мам. 2025 10:10

Алматы облысындағы оқушының өліміне қатысты тың деректер айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"КТК" мәліметінше, коттедж жалдап, көңіл көтерген түлектердің қасында ересектерден ешкім болмаған. Бұл туралы марқұм Әліби Қадырдың әжесі айтқан. Үйіндегі жалғыз ұлды олар жер қойнына тапсырған. Ал оған кәуап пісіретін темірді сұғып алған сыныптасы қамауға алынды. 

Қырғауылды ауылындағы орта мектеп түлектеріне соңғы қоңырау өткен жұмада соғылған. Қос сыныптың оқушылары мұны атап өтпек болыпты. Алайда жастардың басқосуы бір отбасының жалғыз ұлының өлімімен аяқталды.

"Үйдің ауласында сол күннен қалған мангал, сусын мен ыдыс-аяқ әлі де жатыр. Дастарханда ішімдік те болған көрінеді. Содан түлектердің бірі қатты мас болыпты. Кеште ол ашуланып, кәуап пісіруге арналған темірді әрі-бері сермеуге кірісіпті. Ал 17 жастағы Әліби қыздардың бірін қорғап, ашулы жігітті сабырға шақырмақ болған. Сол сәтте сыныптасы қолындағы темірді оның жүрек тұсына сұғып алыпты", - деп жазылған телеарна мәліметінде.

"Коттеджге барған. Қасына ешкім бармаған, мұғалімдерден де, ата-аналардан да бармаған. Далада шу шыққан кезде бұл шыққан. Ешқандай бала қалмаған дейді, бәрі бытырап жан‑жаққа кеткен. Бұл мен оны көндірейін, әйтеуір қатар жүрген бала ғой, бірге жүрген, көнер деген ғой. Сол кезде жүрек тұсынан тыққан. Жүрек тұсынан тығып, қайтып суырып алған дейді", - деді марқұмның нағашы әжесі Айдаркүл Қыдырова.

Түлектер дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда олар келгенше жігіт көз жұмыпты. Қырғауылды ауылындағы орта мектеп әкімшілігі оқушылардың коттедж жалдап, соңғы қоңырауды тойламақ болғанын "мүлдем білмедік" деп отыр. Сынып жетекшісі де бейхабар көрінеді.

"Сынып жетекшілері де білмейді, мектеп әкімшілігі де білмейді. Үйді кім жалдап, қалай, не болғанын - ондай ақпарат бізде жоқ. Ол кісілер қолхат жазып берді. Жиналыс өткіздік. Барлығында айтылды. "Жоқ жібермейміз, ешқайда бармайды, балалар үйде отырады" деді, үйде отыр деп те айтты, сол күні", - дейді Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінің директоры Перизат Әбдібаева.

Қазір бұл қанды оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Ал күдікті қамауға алынған. Оның ата-анасы да әкімшілік жауапқа тартылды.

Қыршыннан қиылған Әліби Қадыр үйінің үлкені әрі жалғыз ұлы екен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар