Шағын бизнесті дамытып, халықты жұмыспен қамту маңызды міндет – Нұрлан Ноғаев

Dalanews 20 шіл. 2023 13:34 1080

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Мұнайлы ауданындағы бірқатар өндірістік және кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысып, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. Бүгінде Мұнайлы ауданында 10 818 ШОБ кәсіпкерлік жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 43,1 пайызға өсіп отыр. Жыл басынан бері оның аясында 2 365 жұмыс орны құрылған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аудан әкіміне шағын және орта кәсіпкерлікті, отандық өнімді дамыту бағытында кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды және бизнес-жобалар мен инвестиция тартуға көмектесу қажет екенін айтты.

Өңір басшысы іс-сапар аясында тігін цехын, мұнай сервистік компанияны, ойын алаңдарын шығаратын цехты, сондай-ақ пенопласт пен матрацтар шығаратын мекемелерді қоса алғанда, бірнеше кәсіпорында болды.

Өңір басшысының сапары «Caspian Safety Group» ЖШС жаңа тігін цехында басталды. Кәсіпорын айына 2 мыңнан астам өндірістік типтегі киім шығарумен айналысады және қазіргі таңда 50-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өңір басшысы цех ғимаратын жалға алып отырғанына байланысты, кәсіпкерге жер алып, өз ғимаратын салу үшін әкімдік тарапынан барлық қолдау болатынын айтты.



 Тігін цехынан соң әкім Қызылтөбе ауылындағы «Шлюмберже Лоджелко Инк» мұнай сервистік компаниясының жұмысымен танысты. Өндірістік база аймақтың мұнай өндіруші компанияларына мұнай барлау, бұрғылау, геофизикалық барлау жұмыстарын жүргізу қызметтерін ұсынады. Айта кетейік, қазір кәсіпорында 150-ден астам адам қызмет атқарады.


Сондай-ақ, өңір басшысы Баянды ауылына қарасты балалар алаңына арналған ойын және спорттық кешендер шығаратын «SEM» цехының жұмысымен танысты. Мұнда жылына 200-ден астам балалар алаңы әзірленеді. Кәсіпорын бүгінде Ақтау қаласымен аудандарын қамтып отыр. Соңғы уақытта басқа өңірлерден де сұраныс көбейген.

Сапар одан әрі Атамекен ауылындағы пенопласт жабдықтарын шығаратын «Әділ Фасад» кәсіпорында жалғасты. Мекеме «Нұр Капитал бағдарламасы» аясында 22 млн, «Даму» қоры арқылы 20 млн.тг несие алған. Қазір айына 30 тонна пенопласт блогы, 30 мың шаршы метр термо панель, 50 мың ш/м пенопласт жабдықтарын және 6 мың ш/м жылы бетон өнімін өндіреді. Алдағы уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын ұлғайту жоспарланған.

 Облыс әкімі жұмыс сапарын «Жұмаханұлы» матраc өндіретін цехпен тәмамдады. Мұнда айына 1000 матрас шығарады. Кәсіпорын «Нұр Капитал» бағдарламасы аясында 30 млн.тг, «Даму» қоры арқылы 108 млн.тг несие алған.

Кәсіпкерлік объектілерімен танысып болған соң Нұрлан Ноғаев шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы драйвері екенін және бизнесті одан әрі дамыту керектігін айтты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлерді тұрақты негізде қолдауды қамтамасыз етеді. Мұнайлы ауданында қазіргі уақытта шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар санының және өнеркәсіп өніміндегі өндіріс көлемінің ұлғайып келеді. Бізге кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі жұмысты күшейту, барынша қолайлы бизнес ортаны құру қажет, бұл сайып келгенде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң мультипликативтік әсер етеді. Сондай - ақ, шағын және орта бизнес нысандарының санының артуы халықтың жұмыспен қамту мәселелерін шешуге оң әсер етеді, – деді Нұрлан Ноғаев.


Жұмыс сапарының соңында Нұрлан Ноғаев кәсіпкерлерге шағын және орта бизнесті дамытуға және инвестиция тартуға қолдау көрсету бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді.



 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар