Freedom Inside '26

Серуендеп келеміз деп жоғалып кеткен екі оқушы қызға қатысты тың дерек шықты

Серуендеп келеміз деп жоғалып кеткен екі оқушы қызға қатысты тың дерек шықты
ашық дереккөзден

Ресейдің Тува Республикасында із-түзсіз жоғалған екі мектеп оқушысын іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары, құтқарушылар, сүңгуірлер, еріктілер, сондай-ақ қыздардың туыстары мен достары олардың соңғы рет болған жері саналатын Енисей өзенінің жағасын мұқият тексеруде, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоғалғандардың бірі – Айлананың анасы Мочургай Шомбун журналистерге іздеу жұмыстарының барысы туралы айтып, өзін алаңдатқан жұмбақ телефон қоңырауы жөнінде мәлімдеді.

Қыздар ешкімге ескертпестен кеткен

Айлана мен Амина 1 шілде күні кешкі сағат 18:00 шамасында серуендеуге шығып, содан бері үйлеріне оралмаған. Туыстары оларға бірнеше рет хабарласқанымен, қыздар телефон көтермеген. Осыдан кейін отбасы полицияға жүгініп, іздеу жұмыстары басталған.

Анасының айтуынша, Айлана бұрын-соңды ешқашан үйден ескертусіз кетпеген.

"Қызым қайда баратынын міндетті түрде айтып кететін. Қоңырауларға да әрдайым жауап беретін. Сол күні біз бақшада жүргенде, құрбысымен сөйлесіп, үйден шығып кетіпті. Ол өте үйкүшік бала, тіпті күндіздің өзінде жалғыз көп шықпайтын", – дейді анасы.

Қазір іздеуге еріктілер, туыстар, әріптестер мен таныстары түгел жұмылдырылған.

"Телефоннан қыздардың айқайы естілген"

Анасының сөзінше, өзен жағасынан қыздардың ұялы телефондары мен қызының бір аяқ киімі табылғаннан кейін басқа ешқандай зат кездеспеген. Қыздардың өздері де байланысқа шықпаған.

Алайда кейін күтпеген жерден бейтаныс қыз телефон соғып, күмәнді жайтты жеткізген.

"Кеше кешке бір қыз хабарласты. Ол күдікті болуы мүмкін танысын тапқанын айтты. Телефонмен сөйлескен кезде арғы жақтан қыздардың айқайлаған дауысы естілген екен. Бірақ әлгі ер адам оның өз әпкелерінің дауысы екенін айтқан. Алайда оның әпкелері жоқ екенін бәрі біледі", – дейді Айлананың анасы.

Ең жұмбақ жайт – телефондардың түнде пайда болуы

Жоғалған қыздардың бірінің туысы Розалия Монгуштың айтуынша, ең күмәнді жағдайлардың бірі – ұялы телефондардың табылу уақыты.

Оның сөзінше, туыстары қыздарды іздеп, Енисей жағасына алғаш келген кезде ешқандай телефон болмаған. Олар тек түнде ғана табылған.

"Кеш бойы қыздардың телефондары шақырылып тұрды. Бірақ түнгі сағат үш шамасында полициядан "хабарласыңдар" деген SMS жіберілгеннен кейін бірден өшіп қалды. Кейін телефондарды тапқанда олардың қосулы әрі қуаты толық болған. Демек, біреу әдейі телефондарды өшіріп, кейін қайта қосқан сияқты. Бұл бізді қатты алаңдатып отыр", – дейді әйел.

Бейнекамера соңғы сәттерін түсіріп қалған

Бақылау камераларының жазбасында Айлана мен Аминаның ашық түсті футболка мен көгілдір шолақ шалбар киіп, көшемен жай ғана кетіп бара жатқаны көрінеді. Осыдан кейін оларды ешкім көрмеген.

Туыстарының айтуынша, қыздар бұрын қаладағы мектептердің бірінің маңында серуендегенді ұнататын. Алайда 1 шілде күні дәл сол жерде болған-болмағаны әзірге белгісіз.

"Өзенге өз еріктерімен баруы екіталай"

Жақындарының пікірінше, жасөспірімдердің Енисейдің қауіпті жағалауына өз еріктерімен барғанына сену қиын. Өйткені олардың ешқайсысы жүзе алмаған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары мен құтқару қызметтері қыздарды күндіз-түні іздеуді жалғастырып жатыр. Тергеу барлық ықтимал нұсқаларды қарастыруда.