"Сенсациялық жаңалық". Қызылорда облысынан динозаврдың сүйегі табылды

Сағыныш Сардарова 10 қаз. 2025 13:13

Қызылорда облысынан динозаврдың сүйегі табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz 24kz-ке сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, облыстық тарихи-өлкетану музейінің мамандары құнды жәдігер сонау Бор дәуірінде мекендеген тіршілік иесінің қаңқасы болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Экспедиция Қармақшы ауданының орталығынан солтүстікке қарай 90 шақырым жерде жүргізілген. Бұл маңды ғалымдар Шах-Шах шатқалы деп атайды.

Алдағы уақытта табылған бұйымдар нақтылау үшін палеонтологтарға жолданбақ. Музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың айтуынша, 1968 жылы дәл осы аумақтан "Аралозавр" деген атаумен ғылыми айналымға енген динозаврдың бас сүйегі табылған.

"Қазақстанда палеонтологиялық кешендер өте санаулы. Сондықтан кешегі табылған жәдігерлердің көбі - баға жетпес құнды жәдігерлер. Алдағы уақытта палеонтологтармен жұмыс істейміз. Бұл үлкен сенсациялық жаңалық болып тұр. Жалпы келешекте бұл жер - туристік нысанға айналдыруға тиісті жерлердің бірі", - деді тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар