Саясаттанушы Ербол Еділов Қазақстанда екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшу бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл реформа ел үшін де, қоғам үшін де маңызды мүмкіндіктермен қатар белгілі бір тәуекелдерге де әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еділовтің сөзінше, ең алдымен заң шығару процесі жеделдейді.
"Қазір заңдар Мәжіліс пен Сенат арасында кідіріп қалады. Бір деңгейлі жүйе реформаларды жылдамдатуға мүмкіндік береді", – деді ол.
Сонымен қатар, Сенатты ұстау шығыны азаяды, ал Парламент кәсіби әрі кең құзыретті болуы тиіс.
Саясаттанушы сондай-ақ Президенттің жаңа Парламентті тек партиялық тізімдер бойынша сайлау ұсынысына тоқталды. Оның пікірінше, бұл шешім қай партия нақты жауапты екенін айқындап, саяси жүйенің ашықтығын арттырады.
Сонымен қатар сыншылардың алаңдаушылығы бар. Олардың ойынша, Сенат жойылса, өңірлердің мүддесі толық ескерілмей қалуы мүмкін, ал әлсіз партиялық жүйе жағдайында Парламент атқарушы билікке тәуелді болып кету қаупі бар.
"Бұл қауіптерді жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан жаңа заңды жан-жақты талқылап, қоғамды, сарапшыларды, азаматтық белсенділерді кеңінен тарту қажет", – деді Еділов.
Оның пікірінше, ең маңыздысы – халықтың сенімі мен қатысуы.
"Парламент реформасы – жай техникалық өзгеріс емес, ол азаматтардың басқаруға шын мәнінде араласуына жол ашуы тиіс. Егер қоғам шет қалса, реформа "қағаз жүзінде" қалып қоюы мүмкін", – деп түйіндеді саясаттанушы.