Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов Қызылорда облысы мен Өзбекстан шекаралас аймағы арасында жаңа автожол салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл өңірлер арасында тікелей автокөлік жолының болмауы сауда-саттық, туризм және мәдени байланыстардың дамуын тежеп отыр. Егер жаңа тас жол салынса, жол жүру уақыты қысқарып, экономикалық ынтымақтастық артар еді.
1 330 шақырымның орнына – қысқа жол
Бүгінде екі өңірдің тұрғындары Қызылордадан Өзбекстан шекарасына жету үшін 1 330 шақырым жол жүруге мәжбүр. Жаңа автожол бұл қашықты мың шақырымға қысқартып, елдің солтүстігі мен шығысына, сондай-ақ көршілес мемлекеттерге қатынауды жеңілдетеді.
"Бұл бастама көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, өңірдегі туризмнің дамуына да тың серпін береді", – деді сенатор.
Ол жобаны созбай, тез арада жүзеге асыруды ұсынды.
"Өзбекстан өзге мемлекеттер арқылы жаңа жолдарды дамытып үлгермей тұрғанда, Үшқұдық – Қызылорда бағыты бойынша автожол құрылысын қолға алуымыз қажет. Әйтпесе, жаһандық бәсекелестік жағдайында ұтылып қалуымыз мүмкін", – деп атап өтті Байқадамов.
Алдын ала есептеулер бойынша, жаңа жолдың құрылысына 125,3 млрд теңге қажет.