Сенат депутаты әуе билеттерінің қымбаттығына шүйлігіп, бірнеше ұсыныс айтты

Көркем Алдабергенова 17 сәу. 2025 16:47 646

Сенат отырысында депутат Сүйіндік Алдашев премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында азаматтық авиация саласындағы бірқатар маңызды мәселені көтеріп, нақты шешімдер ұсынды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың авиаотын бағасын төмендету туралы тапсырмасын еске салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Негізгі мәселелер

Авиаотынның тапшылығы:
2024 жылы Қазақстанда 746 мың тонна авиаотын өндірілген, ал сұраныс 971 мың тонна болған. Бұл – 237 мың тонна немесе 25% тапшылық. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 550 мың тоннаға жетуі мүмкін.

Бағаның жоғары болуы:
Авиаотын билет бағасының 36,5%-ын құрайды. Әуежайлар отынды басқа жеткізушілерге қарағанда 15-20% қымбатқа сатады, табыстылығы кейде 60%-ға дейін жетеді. Бұл жағдай транзиттік әлеуеттің төмендеуіне әсер етіп отыр: соңғы 5 жылда шетелдік рейстер саны 58%-ға, ал жүк тасымалы 36%-ға азайған.

Әуежайлардың жағдайы:
Бірқатар өңірлерде инфрақұрылым апатты күйде. Жерүсті қызмет көрсету ескі. Тарифтер 2014 жылдан бері қайта қаралмаған.

Кадр жетіспеушілігі:
Салада білікті мамандар тапшы. Жүйелі дайындық жолға қойылмаған.

Реттеу мен ашықтықтың жоқтығы:
Авиаотынның бағасы қалай қалыптасатыны белгісіз. Бұл салада біртұтас көзқарас пен бақылау тетігі жоқ.

Сенатордың үкіметке ұсыныстары

Азаматтық авиацияны басқарудың тиімді үлгісін әзірлеу;

Мұнай өңдеу зауыттарындағы өндірісті арттыру;

Авиаотынды әділ бағамен ұсынудың бірыңғай жүйесін жасау;

Әуежайлардың бейінді емес қызметтерге алаңдамауын қадағалау;

Салаға инвестиция тартуды күшейту;

Инвесторларға ыңғайлы жағдай жасау;

Авиация мамандарын дайындау жүйесін жетілдіру.

Сенатордың айтуынша, бұл мәселелер ұзақ жылдар бойы шешілмей келеді және егер дер кезінде шара қолданылмаса, азаматтық авиацияда жүйелі тәуекелдер туындауы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар