Абай облысында кондуктор кәмелетке толмаған жолаушыны автобустан түсіргені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
26 қарашада Instagram желісіндегі mysemey парақшасында жарияланған дерек бойынша тексеріс жүргізілген.
"№22 автобустың кәмелетке толмаған жолаушысы интернет жоқтығына байланысты жолақысын уақытында төлей алмаған. Байланыстың қалпына келуін күте тұруды сұрағанына қарамастан, кондуктор оны автобустан шығуын талап етіп, мәжбүрлі түрде қараңғы уақытта түсіріп жіберген. Тексеріс барысында 24 қарашада ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қатынаған, он алты жасқа толмаған жолаушының мәжбүрлі түрде түсірілгені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Кондуктор кәмелетке толмаған жолаушыны қоғамдық көліктен күшпен түсіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл құқықбұзушылық үшін бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
