Жаңасемей ауданына қарасты Озерки ауылында уақытша қоқыс сақтау полигоны 2023 жылы сегіз миллион теңгеге салынған. Бүгінде, жергілікті тұрғындардың айтуынша, нысан апатты жағдайға жеткен. Қоршаудың бір бөлігі құлап, қоқыс полигон аумағынан әлдеқайда асып, жан-жаққа жайылып кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Orda.kz мәліметінше, белсенділер құрылыс пен пайдалануда өрескел бұзушылықтар болғанын айтып, олар туралы жоғары тұрған органдарға бірнеше рет шағымданған. Тексеру жүргізген Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 13 миллион теңгеден астам сомаға қаржылық және рәсімдік заңбұзушылықтарды анықтаған. Оған мердігерге негізсіз аударылған қаражат та кіреді.
Жағдайды көзімен көру үшін облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Роллан Машпиев оқиға орнына барды. Ол полигонның лық толғанын және қоқыс шынымен де шығарылмай жатқанын растады. Нысан уақытша қалдық сақтау үшін салынғанымен, іс жүзінде қоқыс жинала беретін орынға айналған.
«Мұндағы жергілікті уақытша қоқыс алаңының жай-күйі таңқалдырады. Қолымда осы нысан бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау актісі бар, яғни қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтауға арналған алаң орнату жұмыстары қабылданған. Жазда-ақ бәрі қирап қалған. Мұндай жұмысты қалай қабылдайтыны түсініксіз. Мұнда Антикор араласуы керек», – деп атап өтті белсенді.
Жаңасемей ауданының әкімдігі қоршау келесі аптада қалпына келтірілетінін, ал анықталған заңбұзушылықтарды жою жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады.
Алайда жергілікті тұрғындар қоршау жазда-ақ бүлінгенін алға тартады. Олардың пайымдауынша, билік өкілдері онда жүргізілетін жөндеу жұмыстары туралы тек жағдай әлеуметтік желіге жария болғаннан кейін ғана айтып отыр. Сонымен қатар шенеуніктер бұған дейін жүргізілген аудит туралы да жақ ашпаған.
