Семей қаласында тұрғын үй ауласында өртенген автокөліктің шығу себебі анықталды. Полицейлердің мәліметінше, өртке 6 жастағы баланың сіріңкемен ойнауы себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға 15 шілде күні 352-кварталдағы тұрғын үй ауласында болған. Автокөліктің өртеніп жатқаны туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне сағат 18:05-те түскен.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын қарап, өрт шыққанға дейін көліктің маңында үш кәмелетке толмаған баланың жүргенін анықтаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, олардың бірі сіріңкемен көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан. Жалын күшейген соң балалар қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл дерек кейін олардың заңды өкілдерінен алынған түсініктемелер кезінде де расталған.
Полицияның мәліметінше, 6 жастағы баланың ата-анасы өртенген автокөлік иесіне келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндетті болады.