Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылыту маусымы бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кейбір облыстарда жылу беру маусымы басталуына санаулы күндер қалды.
"Әкімдерге дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға жылу берілуге тиіс. Жылыту маусымын уақтылы, белгіленген мерзімнен кешіктірмей бастау қажет. Нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды тапсыру аяқталып қалды. Ертең - соңғы күн. Әкімдер бұл мәселені жеке бақылауға алуы керек", - деді премьер-министр.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев жылыту бес өңірде - Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында берілгенін, аптаның соңына дейін орталық, батыс, шығыс өңірлерде жылу іске қосылады деп жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жылу желілерінің жалпы дайындығы - 99 пайыз. Жоспар 82 пайызға орындалған Семей қаласы ерекше бақылауда тұр. Жұмысты үйлестіру премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.