Шекарада жанжал шығарған әйел қылмыстық жауапқа тартылды

Шекарада жанжал шығарған әйел қылмыстық жауапқа тартылды
pixabay.com

Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекарадағы «Айша бибі» өткізу бекетінде болған жанжалға байланысты әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жамбыл аудандық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылдың мамыр айында болған. Сотталушы отбасымен бірге Қырғыз Республикасынан оралып, мемлекеттік шекарадан кезексіз өтпек болған. Осыған байланысты кезекте тұрған әйел ескерту жасап, екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындаған.

Шекарадан өткеннен кейін жәбірленуші болған жағдайды ұялы телефонына түсіре бастаған. Сол сәтте ол сотталушының ұлының қолындағы телефонды қағып жіберген. Бұған жауап ретінде сотталушы жәбірленушіге жақындап барып, бетінен алақанымен ұрған. Жанжалды оқиға куәгерлердің араласуымен тоқтатылған.

Сот кінәнің тараптардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және бейнежазбалармен дәлелденгенін атап өтті.

Прокурор сотталушыға 100 сағат қоғамдық жұмыс тағайындауды сұраған. Әйел өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұраған.

Ал жәбірленуші өзіне бірнеше рет соққы жасалғанын және денсаулығына ауыр зиян келгенін айтқан. Алайда сараптама бұл мәлімдемелерді растаған жоқ. Сарапшының қорытындысына сәйкес, келтірілген жарақаттар денсаулыққа зиян келтірмеген.

Сот әйелдің кінәсін мойындауы, өкінуі, бес кәмелетке толмаған баласының болуы, бұрын сотталмағаны сияқты мән-жайларды жеңілдететін жағдай ретінде ескерді.

Сот үкімімен әйел Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына 300 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы өндірілді.

Үкім заңды күшіне енді.