«Мына қазіргі уақытта комиссия аймақтарды аралап жүр. Мен өзім ауылданмын, нағыз халық арасында жүремін. Ауылда той болса да, қаза болса да, әңгіменің бәрі жер қазір. Халықтың сенімін қайтару үшін бірінші мынау келгенде, Қостанайға барады ғой комиссия, сонда әрбір селолық округтан бір-бір адамнан жинау керек. Онсыз болмайды. Әйтпесе, келеді де, жергілікті басшылар мен сияқты жиналады, халықтың пікірі солай... Бір-бір округтан жинайық. Қостанайда үлкен залдар бар. Сонда дұрыс болады. Осы орайда бір жағдайды айта кетейін, жақында 90-нан асқан бір ақсақалмен отырдым мен. Ол айтады, Сайран мен сендердің біреуіңе де сенбеймін. Бәрің сол жерде тұрасыңдар, сен де олармен біргесің дейді. Міне, ол – халықтың пікірі», – дейді С.Буканов. Оның айтуынша, ауылда отырған халық жайылым мәселесін шешіп беруді сұрайды.
Айта кетейік, бүгін Астанада өткен жер комиссиясының бүгінгі отырысында өз азаматтарымызға жерді жалға беру мәселесі талқыланды. Осы мәселе аясында бір қолға берілетін жердің шекті көлемі, жайылымдық жерлерді жалға бермеу және тағы басқа маңызды мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды.
Бүгінде комиссия штабы қазақстандықтарға жерді жалға беру мәселесі бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеп қойды. Соның негізінде Жер кодексінің бір бабына өзгерістер енгізу көзделген. Осыған қатысты саясаттанушы Дос Көшім де өзі басқаратын топтың ұсыныстарын жариялады. Оның ойынша, барлық ауылдық округтардан бір-бір адам жер таратын комиссияның мүшесі болуы қажет.
Ал аудандық прокурор комиссияның жұмысын бақылау отыруы шарт. Отырыс соңында шу шыққанын айта кеткен жөн. Журналистерге сұхбат берген Үкімет басшысының орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі, комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов 10 сотыққа қажетті ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алу мәселесінің қаралып жатқанын жеткізді. Ал қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан игерілмей жатқан жерлер туралы айтқанда жат жерде жүрген қандастырымызды ұмытпау қажет деп отыр.
Арман АСҚАРОВ