Сайрам ауданында жыл басынан бері 39 жанұялық сүт аулалары ашылған

Dalanews 13 қар. 2018 10:30 184

Сайрам ауданындағы жұмыспен қамту орталығының мамандары ауыл тұрғындарымен кездесіп, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жайлы айтып, қатысуға ниет білдіргендерге жолын түсіндіруде.

Нәтижесі жаман емес, Сайрам ауданында жылдың басынан 39 жанұялық сүт аулалары ашылған.

Сайрам аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулаеваның айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 2018 жылы 5 434 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Ағымдағы жылдың 9 айында 4746 адам жұмыспен қамтылыпты.

«Бағдарламаның 1 — бағыты бойынша қысқа мерзімді оқытуға 2018 жылы 340 адамды жолдау жоспарланса, жыл басынан 8 мамандық бойынша 340 адам жолданды. 2-ші бағыты бойынша 355 азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған, 9 айда 156 азамат дәріс алып, сертификатқа ие болды. 2018 жылы өз ісін ашу және шаруашылығын кеңейту үшін 47 азаматқа шағын несие беру жоспарланған болса, жыл басынан 65 адам несиемен қамтылған», – дейді ол.

Жұмыс іздеген азаматтар жоғарыда аталған бағдарламаларға қатыса алады. Ол үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына бару қажет.


Аталған бағдарламаның игілігін көрген азаматтың бірі Ақсукент ауылының тұрғыны Әлімжан Ырысметов. Кәсіпкер өз ауласында сүтті бағыттағы ірі қара малды бағып, өнімін жергілікті сүт компанияларына өткізеді.

«Аудандағы жүмыспен қамту орталығында жұмыссыз болып тіркелген едім. Мамандар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жайлы түсіндіріп, өз кәсібімді ашуға көмек көрсетті. Соның арқасында биыл 4 млн. теңге несие алып, 16 бас сиыр сатып алдым. Қазір сүтін сауып, «Фудмастерге» өткізіп жатырмыз. Бағдарлама жақсы, отбасымызбен бірге жұмыс жасаудамыз. Малдың күтіміне балаларым қарасады, әйелім сиырларды сауады. Бір сиыр 10 -15 литрге дейін сүт береді. Шаруашылығымызды кеңейтуді жоспарлап қойдық. Мал басын 30- ға дейін жеткізбекпіз. 2011 жылы 2 млн. теңге несие алып кәсібімді бастаған едім. Нәтижесі жақсы. Несиеден 2014 жылы құтылдық. Енді міне, биыл алған несиемізді 7 жылда қайтаруымыз керек. Желтоқсанда алғашқы 200 мың теңгені құямыз. Жұмыс істеймін деген адамға үкімет тарапынан қолдау бар», – дейді ол.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар