Сауранда 1119 гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылды

Dalanews 18 шіл. 2024 17:14 4609

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту» тапсырмасы аясында Сауран ауданы аумағында суармалы алқаптарға су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz

Атап айтқанда, Сауран ауданы бойынша қазіргі таңда 1119 гектар жерге су үнемдеу технологиялары орнатылған. Оның ішінде, тамшылатып суару бойынша – 165 гектар, жаңбырлатып суарумен – 994 гектар аумаққа енгізілген. 

Тамшылатып суару әдісі арқылы ЖК «Датқа» шаруашылығы қытайлық компаниямен 7 жылға келісім-шарт жасасып, биылғы жылы 133 гектар жерге мақта дақылын егіп, жыл соңына дейін 360 тонна өнім алу жоспарлануда. Ал, «Ақсақ керіз» шаруа қожалығы 25 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, 875 тонна қарбыз алу көзделуде. Сондай-ақ, «Өтеген» шаруа қожалығы 7 гектарға тамшылатып суару әдісі арқылы алма бауын егіп, жылына 37 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Жаңбырлатып суару бойынша – 994 гектар жерге мал азықтық дақылдары егілген. Жыл соңына дейін 5000 тонна мал азығын алу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда еліміздегі шаруаларға су үнемдейтін жүйелерді сатып алу және орнату үшін берілетін субсидия мөлшері 30%-ға көбейіп, шаруаларға берілетін қолдау 80%-ға дейін жетті.

Бұл заманауи суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету шығындарын өтеуге көмектеседі. Сонымен қатар, агроқұрылымдар 1941 гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясын орнату бойынша «BNK IRRIGATION» ЖШС мен «Ырыс» МҚҰ келісім-шартқа қол жеткізген. Жыл соңына дейін агроқұрылымдарда су үнемдеу технологиялары орнатылатын болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар