Freedom Inside '26

Сатыбалдыдан қайтарылған «Байсат» базары әкімдік меншігіне өтуі мүмкін

Сатыбалдыдан қайтарылған «Байсат» базары әкімдік меншігіне өтуі мүмкін
ашық дереккөз

Алматыдағы ең ірі сауда орындарының бірі – «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығының бір бөлігі сатылмай қалса, Алматы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, бұрын мемлекетке қайтарылған «Байсат» нарығын сату әзірге нәтиже бермеген. Оның сөзінше, нысанға қызығушылықтың төмен болуы сұраныстың жоқтығымен немесе мұндай көлемдегі активке қаржы салуға дайын инвесторлардың тапшылығымен байланысты.

«Егер нысанды сауда-саттық арқылы өткізу мүмкін болмаса, болашақта оны Алматы қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігіне беру мәселесі қарастырылуы мүмкін», – деді комитет төрағасы.

Бағасы төмендетілсе де сатылмады

Мемлекеттік мүлік комитетінің мәліметінше, «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы бірнеше рет аукционға шығарылған. Алайда бастапқы баға кезең-кезеңімен төмендетілгеніне қарамастан, нысанға сатып алушы табылмаған.

Қайтарылған активтердің бірі

«Байсат» базарының бір бөлігі мемлекетке қайтарылған активтердің қатарына кіреді. Қазіргі уақытта оны сату жұмыстары жалғасып жатыр. Егер кезекті сауда-саттықтар да нәтиже бермесе, нысанның коммуналдық меншікке өту ықтималдығы жоғары. Айта кетейік, «Байсат» – Алматыдағы ең ірі көтерме және бөлшек сауда орындарының бірі саналады. Оның бір бөлігі мемлекетке активтерді қайтару жұмыстары аясында өткен жылдары қайтарылған болатын.