Нұрлан Әбдірахым Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Әсем Нүсіпованы алмастырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Нұрлан Әбдірахым Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Алайда қала әкімдігі оның жаңа қызметке тағайындалғаны туралы ресми хабарлама жариялаған жоқ.
Ол бұған дейін Әсем Нүсіповаға қараған салаларды қадағалайды: әлеуметтік бағыт, білім беру, халықты жұмыспен қамту және денсаулық сақтау.
Нұрлан Әбдірахым туралы не белгілі?
Нұрлан Әбдірахым 1980 жылы дүниеге келген. "Қайнар" университетін және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін тәмамдаған. Білімі бойынша – заңгер, сондай-ақ, "саясаттану" мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Еңбек жолын 2001 жылы "Астанаэнергосервис" АҚ абоненттік учаскесінде бақылаушы болып бастаған. Кейін ҚР Әділет министрлігінде қызмет атқарып, жетекші маманнан департамент директоры және зияткерлік меншік комитетінің төрағасына дейінгі қызмет сатыларынан өткен.
Сонымен қатар, Президент әкімшілігінде мемлекеттік инспектор және бөлім меңгерушісінің орынбасары болған. 2023 жылғы сәуірден бастап Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.