Кеше, 18 мамырда Атырауда бір отбасының бірнеше мүшесінің өліміне қатысты айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевтің ісі бойынша сот процесі болды. Отырыста прокурор айыптау актісін оқып, қайғылы оқиғаға дейінгі отбасылық жанжалдың қалай өрбігенін баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айыптау актісіне сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2022 жылы заңды түрде ажырасқан. Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптылар арасындағы келіспеушілік ата-енемен бірге тұру мәселесінен басталған.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, 2022 жылы Ақбаянның анасы Өтешқалиева қызының күйеуінің ата-анасымен бірге тұруына қарсы болған. Ол қызынан отбасымен бірге қалада жалға алынған үйде бөлек тұруын талап еткен. Алайда Сәрсемалиев өз ата-анасын тастап кетпейтінін айтып, бұл талаппен келіспеген.
Осы жағдайдан кейін ерлі-зайыптылар арасында жанжал туып, Ақбаян Мұқанғалиева ажырасу туралы арыз жазған. 2022 жылдың тамызында ол қыз босанып, ата-анасы жалдап берген үйде балаларымен бірге тұрған. Ал 22 қарашада неке ресми түрде бұзылып, сот шешімімен балалар анасының жанында қалған.
Кейін Сәрсемалиев отбасымен қайта бірге тұруға ниет білдіріп, 2023 жылдан бастап Ақбаянның жанына көшіп барған. Сол жылдың ақпанында ол Мұнайшы мөлтек ауданынан үй жалдап, әйелі мен балаларымен бірге сонда тұрғаны айтылды.
Айыптау актісінде 2024 жылғы жағдайлар да баяндалды. Мәліметке сүйенсек, 2024 жылдың 10 тамызында Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева төрт баласымен бірге Ақбаянның ата-анасының үйіне демалысқа барған. Сол жерде Ақбаян ауырып қалып, жүкті кезінде оған ота жасалған. Операция ауыр өтіп, әйел 20 күн комада жатқан.
Прокурордың сөзінше, дәл осы кезеңде Ақбаянның туыстары Сәрсемалиевті қалаға жібергісі келмеген. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, олар күйеу баласы қалаға кетсе, балаларды өз ата-анасының үйіне алып кетуі мүмкін деп қауіптенген. Осы жағдай Сәрсемалиевтің қайын жұртына деген ашу-ызасын күшейткен болуы мүмкін.
Ақбаян Мұқанғалиева 2024 жылдың 10 қыркүйегінде ауруханадан шыққан. Алайда кейін оның психикалық жағдайында қиындықтар пайда болғаны айтылды. Бұдан соң Сұлтан Сәрсемалиев пен Наурыз Мұқанғалиев Ақбаянды емдету үшін Түркияға алып барған, бірақ ем нәтиже бермеген.
Айыптау дерегінше, кейін Атырау маңындағы жалға алынған үйде Сәрсемалиев пен Наурыз Мұқанғалиевтің арасында жанжал шыққан. Тергеу нұсқасы бойынша, сол жанжал кезінде Сәрсемалиев Наурызды пышақтап өлтірген. Кейін марқұмның денесін үйдің жанынан қазылған шұңқырға көміп, үйдегі қан іздерін тазалаған.
Сондай-ақ айыптау актісінде Сұлтан Сәрсемалиевтің Наурыз Мұқанғалиевтің атынан 4 миллион теңге несие рәсімдегені айтылды.