2016 жылы Тасарық ауылдық округіндегі тастақ жерді техниканың күшімен игеріп, жүзімбақ еккен жеке кәсіпкер Сабыржан Танабаев ауданда үлкен көлемде сарымсақ егуді бірінші болып қолға алды.
"Бастапқыда 10 гектарға жаңа технологиямен жүзім еккен шаруа өткен жылы қосымша он гектар жерге 16 мың түп көшет отырғызып, былтырғы жылы алғашқы жемісін жинап алды. Еңбегіне қолдау тапқан жеке кәсіпкер жүзім алқабының әр гектарына мемлекет тарапынан 750 мың теңгеден субсидия алды", – деп жазады бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі жазады.
Ал, биыл шаруа Төлеби ауданының Тасарық ауылдық округіндегі 10 гектар ескі алма бауының орынына тың әдіспен сарымсақ егуді қолға алды. Ол аталған жердің 2 гектарына жабайы сарымсақтың ұрығын отырғызып, жаңаша әдіспен қолдан мәденилендіруде. Осының нәтижесінде гектарынан он тонна өнім алып, ендігі жерде шетелге шығаруды көздеп отыр.
Айта кетейік, өткен жылы аудандағы 10,7 гектар үйіргелік жерден 178 тонна сарымсақ жиналған болатын. Бұл Төлеби ауданы тұрғындарының соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына ден қойып жатқанын аңғартады. Оған себеп – мемлекеттік қолдау шаралары.