Сарыағаш ауданын электр қуатымен тұрақты және үздіксіз қамтитын қосалқы станция жаңғыртудан өткізіліп, пайдалануға берілді.
Бұл станция аталған өлкедегі әлеуметтік маңызы басым нысандарды да қоса қамтамасыз етеді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і өзінің инвестициялық бағдарламасы аясында жаңғырту жұмысын жүргізіп, аудандағы алпауыт қосалқы станцияны жаңартты.
Полторацкий қосалқы станциясы өткен ғасырдың 70-ші жылдары халықтың игілігіне берілген екен. Содан бұл нысан 40 жылдан аса тоқтаусыз жұмыс істеп тұрды. Ал биыл «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і өзінің инвестициялық бағдарламасы аясында станцияда жаңғырту жұмысын жүргізіп, жабдықтарын жаңартты.
Серік Тұрғымбаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і орталық диспетчерлік қызметінің басшысы: “Полторацкий қосалқы станциясы Шардара ГЭС АҚ және 3-ші “Энергоорталық” АҚ электр энергия көздері арасындағы қуаттың транзиттік ағынына қатысатын тораптық қосалқы станция болып табылады. Ол Сарыағаш ауданының тұтынушыларын электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған”.
Мұнда тозығы жеткен майлы ажыратқыштардың орнына қазіргі заманауи элегазды ажыратқыштар, жаңа трансформаторлар орнатылған. Бұл электр қуатын таратуда сапаны арттыратыны сөзсіз.
Серік Тұрғымбаев, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і орталық диспетчерлік қызметінің басшысы: “Сарыағаш ауданындағы Полторацкий қосалқы станциясында ММО -110 кВ типті тозған және ескірген май ажыратқыштарының 3 данасын ВГП -110 кВ элегазды ажыратқыштарына ауыстыру, Т-4 трансформаторының ВТ-35 типті тозған май ажыратқышын ВБ-35 элегазды ажыратқышына ауыстыру, 35 кВ электр желілеріндегі тұтынушыларды электрмен жабдықтау сұлбаларының сенімділігін арттыру бойынша және “Интергаз Орталық Азия” АҚ тұтынушыларын 6 кВ электрмен жабдықтау схемасының сенімділігін арттыру бойынша іс-шаралар орындалды”.
Бұдан бөлек, жабық тарату құрылғылар мен реакторлар, релелік қорғаныс және автоматика жабдықтары да жаңартылды. Айта кету керек, қосалқы станция 20 мыңға жуық жеке тұлға мен 800-ге жуық заңды тұлғаларды қуатпен қамтамасыз етеді.
Оның ішінде алып газ қоймасы, кеден, шекара бекеттері сияқты маңызды нысандар бар. Демек, аудандағы тұтынушылардың тең жартысы жаңартылып пайдалануға берілген осы қосалқы станциядан сапалы қуат алады деген сөз.