Жиынға «Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы «Түркістан облысының Цифрландыру орталығының» директоры А.Жангулов, директордың орынбасары С.Сембиев, аталған орталықтың бас менеджері А.Сүлейменов және Сарыағаш қаласының әкімі С.Сүлейменова, ауданның бөлім басшылары мен мамандары қатысты.
Аталған жиынның мақсаты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы аясында Сарыағаш қаласында «Smart city — Ақылды қала» атты жаңа кешенді жоба жасақталуда.
Мұның басты мақсаты — тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар қоғамдық тәртіп пен жол ережелерін сақтау, қоршаған ортаны қорғау.
Айта кетелік, осының алдында «Түркістан» ӘКК» АҚ-ның «Цифрландыру орталығы» филиалы мен Сарыағаш ауданы әкімдігі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум қол қойылған еді.
«Түркістан облысындағы цифрландыру орталығының» директоры Асылбек Жангулов, мұндай құжаттар тың жобаларды жүзеге асыруда жаңа мүмкіндіктер беретінін айтқан.
"Облыста сандық форматқа көшу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, қазіргі күні денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, транспорт және тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы сияқты бес салада 27 жоба жүзеге асырылып жатыр. Біздің филиалдың бір ай бұрын ашылғанына байланысты, әзірге, аталған құжаттарды түзуге келісім берген алғашқы аудан Сарыағаш болып отыр. Алдағы уақытта мұндай келісімдер Түркістандағы барлық аудан, қалалардың әкімдігімен жасалып, жұмыстарды бірлесе атқарамыз деп ойлаймын", - деген еді Асылбек Жангулов.