Бүгін еліміз үшін маңызды тарихи күн. Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Осыған орай, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Абай облысы бойынша өкілі, «Өңірлер бойынша жұмыс» бөлімінің бас сарапшысы Берік Қадыров жаңа Ата Заңның маңызы, оның саяси-экономикалық ықпалы мен ел болашағына әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, жаңа Конституция қолданыстағы Ата Заңды жаңғыртуға бағытталған құрылымдық өзгерістермен толықтырылған. Құжат елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларын тиімді жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырады.
«Басты артықшылығы – оның халықтық Конституция болуында. Өйткені ол ел тарихында алғаш рет қоғамның барлық топтарының кең көлемдегі қатысуымен әзірленіп, жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданды», – деді Берік Қадыров.
Оның пікірінше, Конституцияға енгізілген өзгерістер билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Құрылтай мен Халық кеңесі сияқты жаңа институттар азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтеді.
Сарапшы жаңа конституциялық модельде экономикалық мәселелерге де ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет адал бәсекелестік ортасын қалыптастырып, стратегиялық ресурстарды қорғау мен кәсіпкерлікті қолдау арқылы нарықтағы тең жағдайды қамтамасыз етуге ұмтылады.
Берік Қадыров жаңа Конституцияда экологиялық мәселелердің де маңызды орын алғанына назар аударды.
«Конституцияның жаңа нұсқасының 37-бабында мемлекет азаматтарды табиғатты сақтау мен табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндеттейді, сондай-ақ адамның өмір сүруіне және денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мемлекет өз жауапкершілігіне айналдырады», – деді ол.
Сарапшының сөзінше, мұндай өзгерістер Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етуі мүмкін. Оның айтуынша, инвесторлар үшін сот жүйесінің тәуелсіздігі, меншік құқығының қорғалуы және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы аса маңызды.
«Конституцияға енгізілген институционалдық және құрылымдық өзгерістер инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға, құқықтық кепілдіктерді нығайтуға және бизнес жүргізу үшін қолайлы орта қалыптастыруға жеткілікті мүмкіндіктер ұсынады», – деді Қадыров.
Ол бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы инвестиция тартудың жетекші орталығы екенін айтып, өңірге келетін шетелдік инвестициялардың 60 пайыздан астамы еліміздің үлесіне тиесілі екенін жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан B-READY 2025 рейтингінде 69,2 балл жинап, әлем бойынша 29-орынға тұрақтағанын еске салды.
Берік Қадыров жаңа Конституция азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейте алатынын, алайда бұл оның нормаларының іс жүзінде қалай орындалатынына байланысты екенін айтты.
«Жаңа Ата заңымыз, ондағы енгізілген өзгерістер азаматтардың мемлекетке деген сенімін күшейте алады деп есептеймін. Бұл тек Конституцияның қабылдануымен ғана емес, оның нормаларының нақты әрі тиімді жүзеге асырылуына, тәжірибеде көрініс беруіне байланысты болады», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыратын негізгі тетіктердің бірі – Халық кеңесі.
«Атауы айтып тұрғандай бұл халықтың мүддесін білдіретін жоғарғы консультативтік орган. Билік пен қоғам, халық арасында конструктивті диалог орнататын, қоғамның әр саласының, мүшесінің үнін, мұң-мұқтажын жеткізетін, өңірлерге қажет заң жобаларына бастама жасай алатын, жоғары сенім мен жауапкершілікке ие құрылым», – деді Қадыров.
Сөз соңында сарапшы жаңа Конституцияның елдің ұзақ мерзімді дамуына берік құқықтық негіз қалайтынын айтты.
«Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанды құрудың берік құқықтық іргетасы. Оның өміршеңдігі әрбір ел азаматының заңға, тәртіпке құрметімен, әрбір мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігімен және қоғамның ортақ бірлігімен өлшенеді деген пікірдемін», – деп түйіндеді Берік Қадыров.