Сапасыз медициналық көмек көрсеткен аурухана өтемақы төлейді

Сапасыз медициналық көмек көрсеткен аурухана өтемақы төлейді
pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында сот қатерлі ісікті дер кезінде анықтамағаны үшін аудандық аурухананы қайтыс болған науқастың отбасына моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық соттың мәліметінше, 2023 жылдың желтоқсанында Бәйтерек ауданының тұрғыны №2 аудандық ауруханаға жиі құсу және нәжісінің қараюы бойынша шағымданып жүгінген. Алайда емдеу шамамен тоғыз айға созылып, тек кейінірек оған онкологиялық ауру диагнозы қойылған. Ер адам 2024 жылдың тамыз айында көз жұмған.

Сот дәрігердің зертханалық талдаулардың нәтижелеріне тиісті баға бермегенін, клиникалық хаттамаларды сақтамағанын, науқасты бейінді мамандарға уақытылы жібермегенін және патогистологиялық зерттеу қорытындысынан кейін онкологқа жолдауды кешіктіргенін анықтады.

Марқұмның жұбайы мен баласы моральдық зиян үшін ауруханадан әрқайсысына 10 млн теңгеден өндіріп беруді сұраған.

Сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, «Бәйтерек ауданының №2 ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын талапкерлердің әрқайсысына 700 мың теңгеден өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сот Азаматтық кодекстің 921-бабына сәйкес, қызметкер еңбек міндеттерін орындау барысында келтірген зиян үшін жұмыс беруші жауапты екенін атап өтті. Осыған байланысты қаржылық жауапкершілік медициналық мекемеге жүктелді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.