Сапалы білімнің заманауи тетіктері: жаңа мектептегі бір жылдық тәжірибем

Ақтоты Жапатова 14 там. 2025 10:08

Бүгінгі таңда білім беру жүйесіне қойылатын талаптар күн санап артып келеді. Бұл — заман талабы. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы осы талаптарға жауап беретін тың серпін болды деп сеніммен айта аламын. Жаңа мектепте алғашқы жылымды аяқтаған маман ретінде бұл жобаның артықшылықтарын тәжірибе жүзінде көріп, сезіндім.

Мен жұмыс істейтін Петропавл қаласының №28 жалпы білім беретін мектеп — 2024 жылы қараша айында пайдалануға берілген жаңа форматтағы заманауи білім ордасы. Алғаш келген күннен-ақ бұл мектептің бұрынғы типтік мектептерден өзгеше екені анық байқалды. Біріншіден, мектептің жалпы аумағы кең, жарық, оқушы мен мұғалімге қолайлы. Екіншіден, техникалық жабдықталу деңгейі өте жоғары: интерактивті тақталар, заманауи компьютерлер, робототехника және STEM зертханалары, пәндік кабинеттердің барлығы жаңаша көзқараспен жасақталған.

Бір жыл ішінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артқанын, шығармашылық қабілеттерінің ашыла түскенін байқадым. Мысалы, физика сабағында эксперимент жасап үйренуге арналған жабдықтардың болуы балалардың тек теорияны жаттап қана қоймай, оны іс жүзінде түсінуіне жол ашты. Бұл – сапалы білім берудің нақты тетігі.

Сабақтан тыс уақытта да балалар бос отырмайды. Мектепте коворкинг аймағы, би залы, бірнеше спорт залы жұмыс істейді. Әр оқушы өз қызығушылығына сай үйірмеге қатысып, жан-жақты дамуға мүмкіндік алады. Мұндай кеңістіктер білім мен тәрбие жұмысын ұштастыра отырып, мектептің нағыз дамытушы ортаға айналуына ықпал етеді.

Ұлттық жобаның аясында осындай мектептердің саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Бұл — тек жаңа ғимарат салу емес, бұл — білім беру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадам. Әсіресе шалғай ауылдар мен шағын қалаларда заманауи мектептердің ашылуы — әлеуметтік теңсіздікті азайтуда маңызды рөл атқарады.

Мұғалім ретінде бұл өзгерістер мені де жаңашыл болуға, үнемі дамуға жетелейді. Жаңа білім, жаңа тәсіл, жаңа орта — мұның бәрі бүгінгі ұстазға қойылатын талаппен үндес.

Қорытындылай келе, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы — ел болашағы үшін жасалып жатқан маңызды инвестиция. Өйткені мектеп қандай болса — келешек те сондай. Заманауи мектептер сапалы білім берудің нақты негізіне айналып отыр.

Автор: Ажданова Роза Маратовна

Петропавл қаласының №28 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар