Санжар Тәшкенбай Олимпиадаға қатыса алмай ма?

Санжар Тәшкенбай Олимпиадаға қатыса алмай ма?
Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбайдың алдағы спорттық мансабына қатысты жаңа пікір айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Санжар Тәшкенбай 2023 жылы 48 келі салмақта әлем чемпионы атанса, араға екі жыл салып 50 келіде тағы да алтын медаль жеңіп алды.

Алайда қазіргі таңда оның өнер көрсететін салмағы Олимпиада бағдарламасына кірмейді. Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing талаптарына сәйкес, ерлер арасындағы олимпиадалық салмақ дәрежелері 55 келіден басталады.

Осыған байланысты қазақстандық боксшының келешекте қай бағытты таңдайтыны жанкүйерлер арасында талқыланып жатыр.

Спорт мамандарының пікірінше, Санжар Тәшкенбайға 55 келіге ауысу оңай болмайды. Себебі бұл салмақта Қазақстан құрамасында Махмұд Сабырхан бар. Сонымен қатар ол Тәшкенбайдың 55 келіде өз мүмкіндігін толық көрсете алмауы ықтимал екенін айтқан.

"Бұл өте өкінішті жағдай. Санжардың салмағын аяқ астынан олимпиадалық бағдарламаға енгізбей тастады. Осылайша әлемнің көптеген мықты боксшысы басты додаға қатыса алмай қалды. Менің ойымша, Санжарға 55 келіге ауысудың қажеті жоқ: ол жерде Махмұд Сабырхан бар, әрі Санжардың өзі бұл салмақта толық ашыла алмайды. Өз салмағында қалып, қажет болса кәсіпқой боксқа өтсе де болады. Бірақ міндетті түрде мансабын жалғастыруы керек. Тіпті ерлер боксында тарихта алғаш болып үш дүркін әлем чемпионы атануы да әбден мүмкін. Санжарда ондай мүмкіндік бар", – дейді спорт мамандары.