Санжар Бокаев пен оның жиеніне қатысты жаңа қылмыстық іс тергеліп жатыр

Санжар Бокаев пен оның жиеніне қатысты жаңа қылмыстық іс тергеліп жатыр
Ашық дереккөз

Қоғам белсендісі Санжар Бокаев пен оның жиені Мадияр Қалменовке қатысты жаңа қылмыстық іс тергеліп жатқаны туралы олардың адвокаттары мәлімдеді. Сонымен қатар қорғаушылар Қалменовтің тергеу изоляторындағы жағдайына шағымданған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, жаңа іс Қаржы мониторингі агенттігінде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап етуге қатысты. Алайда қорғаушы істің нақты қай эпизодқа байланысты қозғалғанын, қандай мүлік пен соманың сөз болып отырғанын айтпады.

Омарова сондай-ақ Мадияр Қалменовтің Астанадағы №64 мекемеде бірнеше күн карцерде отырғанын мәлімдеді. Адвокаттың сөзінше, камерадан бір реттік ұстара жүзінің бөліктері табылғаннан кейін жауапкершілік сол күні камера кезекшісі болған Қалменовке жүктелген. Қорғаушы оның шынтақ тұсында көгерген ізді де байқағанын айтып, карцерге орналастыруға негіз болған құжаттарды сұратқан және Астана прокуратурасына шағым түсірген.

Санжар Бокаевтың адвокаты Алма Мусина да қорғауындағы азаматтарға қысым жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Бокаев пен басқа да айыпталушылар Астанаға жеткізілгеннен кейін суық камераларға орналастырылған. Мусина Бокаевтың денсаулығына алаңдаушылық білдіргенімен, оның өзі адвокатқа ұрып-соғу туралы айтпағанын атап өтті.

Қорғаушылар тергеу изоляторындағы жағдайға және адвокаттармен кездесуге байланысты қиындықтарға қатысты шағымдарын жеткізген. Алайда жарияланым шыққан сәтте Қаржы мониторингі агенттігі, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен прокуратура адвокаттардың мәлімдемелеріне ресми түсініктеме бермеген.

Улан Нүсіпқожаға қатысты нақтылау: Exclusive.kz кейін оның қорғаушысының түсініктемесін жариялап, Нүсіпқожаға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша да, басқа баптар бойынша да жаңа іс тергелмейтінін хабарлаған. Қорғаушы оның қаржы-шаруашылық мәселелеріне қатысы жоқ видеооператор екенін айтқан.

Еске салайық, Санжар Бокаев 18 наурыздан бері қамауда отыр. Бұған дейін Бас прокуратура оған алаяқтық және ағаштарды заңсыз кесуге қатысты айыптар тағылғанын хабарлаған. Бокаевтың адвокаттары тергеу барысына байланысты бірқатар шағым білдірген. Ал бұрын аяқталған іс бойынша сот отырысы 16 қазанға ауыстырылған.